Ұлт ұясы Ұлытауда «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға биыл бес мемлекеттің өнерпаздары қатысты. Сондай-ақ ақындар айтысы мен ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілді. Жалпы фестивальдің мақсаты — қазақ фольклорын, материалдық емес құндылықтарымызды, тұрмыс-салтымызды кеңінен насихаттау және өлке туризімін дамыту.
Болатсай мекеніндегі этноауылда «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі салтанатты түрде ашылды. Ат үстінде өнер көрсеткен шабандоздар жұртшылықты қиқуға бөледі.
Осыдан соң, Испания, Италия, Венгрия, Сербия және Қазақстандық кәсіби ансамбльдер сахна сәнін келтірді. Олар ұлттық аспаптарының сүйемелдеуімен жанды дауыста ән салды. Шетелдік қонақтарға табиғаты әсем Ұлытау баурайындағы фестиваль ерекше әсер қалдырған.
Сиван Гереро, фестивальға қатысушы /Испания/:
Біздеде фестивальдер өте көп болады. Кәсіби ансамбль ретінде біраз жыл өнер көрсетіп жүрміз. Ұлттық музыка фестивальдері мәдени мұрамыздың сақталуына және оны насихаттауға жол ашады. Ұлыатуда мына әсем табиғат аясында ұйымдастырылған шара өте жарасымды. Ерекше шабыттандырады екен.
Халықаралық шара «Ұлы дала дүбірі» атты ақындар айтысымен жалғасты. Сахна төріне шыққан ақындар үш жүздің басы қосылған қасиетті мекеннің исі қазаққа маңызы туралы кеңінен жырлады. Бірнеше аумаққа бөлінген этноауылда қолөнер шеберлерінің көрмесі де ұйымдастырылған. Шетелдік қонақтар мен жиналған қауым ұлттық тағамдар әзірлеу бойынша шеберлік-сыныптарға да қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл күні асық ату, қол күрес және қой көтеру секілді ұлттық спорт тарту етілді.
Фестиваль аясында халықаралық туристік форум өтті. Әлемнің 40 елінен келген мамандар мен туроператорлар Ұлытау төріндегі Алаша хан, Жошы хан кесенелерінде, Хан ордасында және басқа да киелі жерлерде болды. Мәселен, Моңғолиядан келген делегаттар әлемдік тарихи тұлға Жошы ханның өмірі өрілген Ұлытау — екі ел арасындағы туристік қарым-қатынасты жақсарту үшін ерекше көңіл бөлінуі тиіс өлке екенін атап өтті.
Гансух Дамби, Туризмді дамыту орталығының төрағасы /Моңғолия /:
Біз Жошы ханның мазары осы жақта екенін білдік. Бірақ көзбен көру бір бөлек қой. Ерекше әсер алдық. Қасиетті Ұлытау жерінің энергетикасы да керемет екен. Енді бұл тарихи-мәдени мұраларды өздерімізде насихаттап, туристерді әкелсек деген жоспарымыз бар.
Форумды қорытындылау барысында өлкеде туризмді дамытудың тиімді тетіктерін атап өтілді. «Жезкиік» фестивалі соның жарқын бір мысалы.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
Экотуризм, этнотуризм, зиярат туризмі және бірнеше туризм түрлерін насихаттау мақсатымен осы туризм саласындағы халықаралық және еліміздің бірінші қатарлы туроператорларды , белгілі ұйымдарды шақырып, насихаттау жұмысын өткізіп жатырмыз.
Жыл сайын Ұлытауға 12 мыңға жуық турист келеді екен. Бұл өте аз, 3-4 жылда жиһанкездер санын 100 мыңға жеткізу көзделген.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
«Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі енді жыл сайын өткізіліп тұрады. Ондағы мақсат — ұлт ұясы ұлытауға саяхатшыларды көптеп тарту. Жалпы әлемдегі туризмі дамыған елдерде дәл осындай халықтың тұрмысы мен мәдениетін насихаттайтын фестивальдер жиі өткізіледі. Ондағы мақсат — этнотуризмге қан жүгіртіп, бюджетке қомақты қаражат түсіру.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ