Батыс Қазақстанда шетелдік жұмысшыларға берілетін квота тоқтатылады. Бұл туралы Қарашығанақ кен игеруші компания өкілдерімен кездескен облыс әкімі Ғали Есқалиев айтты. Өңір басшысының дерегінше, кейбір шетелдік компаниялар дәнекерлеуші, аспаз, монтаждаушы секілді қарапайым жұмысшы мамандарды сырттан әкелген. Олардың кейбірі, тіпті қағазда көрсетілген жұмысқа сай қызмет жасамаған. Әрі біліктіліктері бірдей бола тұра, жергілікті және шетелдік маманның жалақысында айырмашылық анықталған. Облыс әкімі бұл мәселелерді келісіммен шешуге болатынын айтты. Және халықаралық сертификаты бар тренинг-орталықтар арқылы жұмысшы мамандарды өзімізде даярлауға мүмкіндік бар екенін еске салды.
Ғали Есқалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
Мен келер жылы ІІІ және ІV санаттағы шетелдік жұмысшыларға берілетін квоталарды беруді тоқтатуды тапсырдым. Шетелден маман тарту азаймай тұр. Бір компанияда сырттан 68 дәнекерлеуші әкелінген. Ондаған аспаз жүр. Бұл мамандарды өзімізден алуға болады. Басқа да білікті мамандарды халықаралық талаптарға сай бірігіп даярлай аламыз.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ