Қазақстан конституциясы осыдан 24 жыл бұрын жалпыхалықтық референдумда қабылданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан конституциясы осыдан 24 жыл бұрын жалпыхалықтық референдумда қабылданды

30.08.2019

Конституциямыз ел дамуына өлшеусіз үлес қосты. Көптеген игі бастамалар мен жобалар жүзеге асырылды. Ең бастысы, маңызды құжатта көрсетілген ұстанымдардың негізінде қазақ жерінде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрды. Сонымен, Ата заң қалай қабылданып, бекітілген еді? Бұл маңызды шараға кімдер белсене атсалысты?

Алғашқы Ата заң — Алматыда 1993 жылдың 28 қаңтарында бекітілді. Еліміз осы құжат арқылы зайырлы әрі зиялы қоғам құру ісіне аяқ басты. Алайда бұл нұсқаның кей тұстарын әлемдік өркениет талаптарына сай өзгертіп, толықтыру қажет болды. Осылайша, 1995 жылдың 30-тамызында жаңа толыққанды Конституция қабылданды.

Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы:

Шынын айтқанда, Конституцияның авторы халық пен президент.  Президент соны қабылдады. Халық өзінің ұсынысын айтты. Халықтың сол 70 пайыз ұсынысы осы конституция қабылданғанда іске асты. Соның арқасында конституция қазір бүкіл халықтық, халық қолдайтұғын, демократиялық, елдің конституциясы болып отыр.

1995 жылы қабылданған Конституцияның ең алғашқы басылымы ҚР Президент архивінің аса құнды құжаттар қорында сақтаулы. Себебі Ата заң – еліміздегі бүкіл заңдардың түп негізі. Құжатты қабылдар алдында еліміз  Еуропа мен құқықтық заңнамалары мығым мемлекеттердің тәжірибесіне жүгініп, сүйенді. Соның нәтижесінде, 95 баптың 55-іне өзгерістер енгізілген.

Мұхаммед Жылгелдинов, ҚР Президенті архиві директорының көмекшісі:

Бұл Конституцияны қабылдау бойынша дайындық жұмыстары сол жылы көктемде басталған болатын. Яғни 22 мамырда сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен арнайы сараптамалық кеңес құрылып, ол кеңеске отандық ғалымдармен қатар, шетелдік сарапшылар, оның ішінде Ресей федерациясы, Францияның конституциялық кеңесінің төрағасы Ралан Юма тағы көптеген сарапшылар мен заңгерлер қатысып, осы конституцияның жобасын дайындауды бастады.

Конституция 9 бөлiм, 98 бап пен көптеген тармақ, тармақшалардан тұрады. Маңызды құжаттың басты бағыты — еркіндік, теңдік, татулық, бейбіт өмір мұраттарына негізделген. Яғни әр азаматтың лайықты, тең құқылы өмір сүруін қамтамасыз етеді.

Смағұл Елубай, жазушы:

Егерде біз соңғы 30 жылда қантөгіссіз, қақ-соқсыз, дүрбелеңсіз, қарапайым еңбекпен өмір сүріп жатсақ, ол жерде конституцияның үлесі аса зор. Тіпті, бүгінгі тірліктің негізі деуге болады. Осынша 30 жылдай еңбек сіңірген конституция қашан қабылданғанын да ұмытпауымыз керек.

Конституцияның тұрақтылығы – қоғамның тұрақтылығы. Бұл қағиданы Қазақ елінің жұртшылығы берік ұстанып, Ата заңның тұғырын биіктен түсірмей, теңдік пен ынтымақта өмір сүріп келеді. Сондықтан әркезде «Тіліміз тұғырлы, тәуелсіздігіміз ғұмырлы болары сөзсіз», - дейді беделді ғалымдар.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу