Швецияда қазақ киноларының фестивалі басталды. Ауқымды шараны «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен еліміздің Швециядағы елшілігі мен осы мемлекеттегі қазақстандық жастар қауымдастығы бірігіп ұйымдастырды. Фестивальдың алғашқы күні көпшілік назарына режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі көрсетілді. Швецияның саясаткерлері, дипломаттары мен қазақ диаспорасының өкілдері туындыны жоғары бағалады.
«Анаға апарар жол»- өмірдің шынайы бейнесі. Кинокартинаның негізгі желісіне ана махаббатының шексіздігі арқау болған. Басты кейіпкер Мәриям мен ұлы Ілиястың бір-бірінен адасып, қайта қауышу үшін тағдыр тауқіметін тартқаны туындыда кеңінен бейнеленген.
30 жылдардағы күштеп ұжымдастыру, ұлттың басына түскен ұлы трагедия — ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс. Осындай зұлматты бастан кешкен халықтың қасіретін, ана мен баланың ішкі жан күйзелісін актерлар шебер жеткізе білген.
Алтынай Нөгербек, актриса:
Мен осы Мәриям рөлін ойнап, Мәриямның бойындағы күш-жігерді өзіме жинаған сияқтымын да. Екі есе мықты болған сияқтымын. Қазір мен ойлаймын, өмірімде қандай бір өзгеріс, қандай бір қиындық болса да, мен оған төтеп бере алам. Қай әлемде болсын, ана бар, бала бар. Сондықтан бұл тақырып — сөзссіз адамның жүрегіне жол табатын тақырып деп ойлаймын.
Рас, туынды қазақ тілінде көрсетілсе де, оның мән-мағынасын шведтер тілсіз, жүрекпен ұғынды. Анасының 30 жыл бойы ұлынан күдерін үзбей жолын тосуы көременнің көзіне жас алдырды.
Арам Адами, көрермен:
Еркек болсам да, фильм мені жылатты. Мен де үйдегі жалғыз баламын. Анам екеуміздің бастан кешкен оқиғамызға қатты ұқсас, керемет фильм. Большевиктердің заманында қазақтардың біздің Иранға да бас сауғалап келгенін тарихтан білемін. Қиындықты көп көрген халыққа құрметім ерекше.
Роза Қасымжанова, Швециядағы қазақ диаспорасының өкілі:
Осындай керемет тарихи туындыны түсіргендерге, қазақ киносының әлеуетін, тарихымызды, бай мәдени мұрамызды шетелдіктерге көрсетіп, фестивальды ұйымдастырушыларға алғысым шексіз.
Ахмед Камал, Хасан Аль-Камали Ирактың Швециядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
Бұл өте әсерлі фильм. Елші мырзаға осындай керемет шараға шақырғанына алғысымды білдіремін. Актерлардың кәсіби шеберлігіне тәнті болдым. Швецияда қазақ фильмдерін жиі көргіміз келеді.
Мағынасы терең тарихи драмаға шведттер жоғары баға берді. Басты кейіпкерлердің рөлін сомдаған актерларға көрермен қошаметті жаудырып, түсірілім жұмыстарына қатысты сұрақтарын қойды. Алдағы 4 күнде Швеция жұртшылығы «Қазақфильм» қоржынындағы тағы біраз кесек туындыларды тамашалайтын болады.
Нұрсұлу ҚАСЫМ