«Конституция және қоғамның әлеуметтік-құқықтық дизайны». Бүгін осы тақырыпта Қазақ мемлекеттік заң университеті мен Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілігі бірлесіп форум өткізді. Жиынға білікті заңгерлер және Конституциялық кеңестің жетекшілері қатысып, ата заңымыздың өткені бүгіні туралы мардымды мәліметтерімен бөлісті.
Осыдан 24 жыл бұрын жалпы халықтық референдумда ел дамуындағы ең басты құжат саналатын Ата заңымыз қабылданғаны мәлім. Оның әрбір нормасы мен қағидалары халықтың сүзгісінен өтті. Ұлтаралық татулықты, тұтас тұрақтылықты, қауіпсіздікті әлеуметтік ахуалды жақсартуды, қарықынды экономикалық өсімді қамтамасыз етіп келеді. Әлемде өзгермеген конституция жоқ деді сарапшылар. Яғни, біздің ата заң да қабылданғалы бері 3 рет реформаланған.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Кеңесінің аппарат жетекшісі:
Біздің соңғы конституциялық реформа 2017 жылы өтті Ол реформаның басты мақсаты мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру еді. Президент өзінің көптеген өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметтің арасында бөліп берді. Бір мезгілде Парламент пен Үкіметтің өзбеттілігі және жауапкершілігі көтерілді.
Қалай десек те, Ата заңымыз қоғамдық тыныс тіршіліктің барлық саласын жаңғыртуға құқықтық негіз қалады. Әсіресе адам құқықтарын қатаң сақтауды қамтыды. Тіпті, біздің елде адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді.
Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
Бұның барлығы Конституция негізін қалаған экономикалық өсіміміздің айқын дәлелі. Бабаларымызда, «заңын құрметтеген, заңына бағына білген ел ғана озады» деген сөз бар. Елдігіміздің тұғыры Ата заңымызды құрмет тұтып оның қағидаларына өмірлік заңымызға айналдыруға үлес қосу азаматтық парызымыз деп білеміз.
Қазақ мемлекеттік заң университетінің қабырғасында өткен бұл форумда конституциямыздың өткені мен бүгінгі баяндалды. Білікті сарапшылары білгенімен бөлісті. Әрбір әңгіменің әлқиссасы Ата заңды әспеттеуден басталды.
Ербол МӘНДІБЕК