Қазақ радиосының алтын қорына кірген күйші Мәдінің аты қалың көпшілікке аса танымал емес. Тасада қалып қойған күйшінің өмірі, тағдыры мен шығармашылығы туралы не білесіз?
Жуырда күйшінің ғұмырбаяны туралы «Мәді» атты кітап жарық көрді. Туындының авторы ақын Маралтай Райымбекұлы Алматы студиясының қонағы болып, күйшінің өмірі мен шығармашылығы туралы сөз қозғады.
«Біздің көптеген мұра, рухани қазынамыз әлі қоймада жатыр. Мәді деген кім? Ол ақын, домбырашы, күйші. Шын мәнінде Мәді Қазақ радиосында өзінің орындауындағы 24 күй жаздырған.
Мәді Шәутиев Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. Алты жасында ата-анасынан айырылып, туысының қолында өсіп-жетілген. 18 жасында ауруға шалдығып, екі көзі көрмей қалған. 70 жасына дейін сондай жағдайда ғұмыр кешті.
Ол кісіні бала кезімізде көрдік. Бірақ оның осындай терең екенін зерделей алған жоқпыз. Бұл кісі туралы қазақтың жазушы, композиторы Ілия Жақанов 1962 жылы күйшіге арнайы барып, күйлерін жазған. 1972 жылы Мырзатай Жолдасбеков Алматыға шақыртып, қонақ етіп, дүниелерін радиоға жаздырған.
Рухани жаңғыру аясында Мәди күйші туралы кітап жазып, оған ескерткіш қоямын деген сөз айттым. Айтылған сөз – атылған оқ. Ауылда ескерткіш орнаттық. Оны жасаған - белгілі мүсінші Алтай Бейсенов. Одан басқа, беделді өнер адамдарын Сарысу ауданына шақырып, конференция өткіздік. Ол кісі туралы аңыз көп. Барлығы кітапта жазылған», дейді ақын.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.