«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен Димаш Құдайберген бірлескен жобасы туралы жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен Димаш Құдайберген бірлескен жобасы туралы жариялады

29.01.2019

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан»  телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен өтетін Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты жеке шығармашылық концертіне байланысты брифинг өтті.  

Шараға «Қазақстан»  РТРК АҚ төрағасы Ерлан Қарин, Димаш Құдайберген және Қанат Айтбаев қатысты.

«Біз өз тарапымыздан талантты жастарымызды қолдауға әрқашан дайынбыз. Оның үстіне, өздеріңіз білетіндей, биыл Жастар жылы. Димаш еліміздің, халқымыздың біртуар азаматы, қазақтың өнері арқылы еліміздің атын бүкіл әлемге танытып жүрген талантты тұлға. Мұның алдында Димаш Ұлттық арнадағы «20.19 Басты арнадағы Жаңа жыл» атты жаңа жылдық шоуымызға қатысқан болатын. Бүгінгі айтылып жатқан жоба бойынша біз Димашпен бірнеше рет кездесіп, талқылау өткіздік. «Қазақстан» корпорациясы осы концерттің бүкіл ұйымдастыру, түсірілім жұмыстарын қолға  алып, қолдау көрсетеді деп шештік. «Арнау» атты шығармашылық концертін Димаш Астана күніне арнамақ. Ауқымды музыкалық шоу  қазақстандықтар мен мыңдаған  шетелдік өнерсүйер қауымды Астана төрінде жинайтын болады»,- деді Басқарма төрағасы Ерлан Карин.

Концерт төрт-бес бөлімнен тұрады. Бағдарламада қазақтың халық әндері, қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармаларымен қатар, заманауи әрлеумен орындалған Димаштың авторлық туындылары ұсынылатын болады. Сондай-ақ, концертте қазақ, ағылшын, француз, ханзу, орыс, итальян тілдерінде әндер шырқалады.

 «Алдағы концертімді біріншіден қазақ халқына арнағым келеді. Бұл менің Астана күні мерекесіне  арнайы тартуым болмақ. Осы шараны ұйымдастыруға атсалысып, колдау көрсетіп жатқан «Қазақстан» корпорациясына алғысымды білдіргім келеді. Жеке концертімді өткізуді бұрыннан бері ойлаған болатынмын, енді сәті туып отыр. Толық ақпаратпен кейінірек концерт жақындаған кезде бөлісетін боламыз», - дейді әнші.

          

Хабарламаларға жазылу