Елдегі қалалар мен аудандардағы ономастика мәселесі қаншалықты ақылмен шешілуде? Сұрақ көп, мысал мың, пікір пішен. Қазіргі қолда бар ақпаратқа сәйкес әлемде 2 667 417 қала бар екен. Соның ешқайсысы тарихта өздерін өлімші қылған жендеттердің есімін егемендік алғанда сақтап қалған жоқ. Тиісінше елді мекеннің атын ауыстыру тарихты қайта тарқатуға, өткенге өзгенің емес, өзіңнің көзіңмен қарауға мүмкіндік береді. Бір ғұламаның: «жеңілген халықтың соры басым, өйткені тарихты жазуға жеңген халық тапсырыс береді» дегені бар. Десе де, екі шылбыр бір тізгінді қолға алған тұста тарихты түгендеу бұл кез келген егемен елдің ертеңгі ұрпақ алдындағы міндеті. Жаңа жер бетінде 2,5 миллионнан астам қаланың барын тілге тиек еттім ғой, соның үшеуінде тұрғындар саны 20 миллионнан, тағы 16-сында адам саны 10 миллион асады екен. Бұйыртса, біздің шаһарларда да осынша жұрт жүреді деп сенейік. Қазақтың жеріндегі елді мекендердің атын ауыстыру дұрыс. Тек қазір тұқымын тыңнан түгендеп жүргендер бар ғой, солар таласып, игі істі бұра тартып бүлдірмейді деп сенейік.
Финляндияда жаңа заң шығыпты. Енді ол жақтағы қызметкерлер жұмыс уақытында жарты сағат ұйықтауы керек. Бұл міндет, нәтижесінде қызмет өнімділігі артады-мыс. Біздегі онсыз да ояна алмай жүрген шенеуніктерге бұл тәртіпті айтсақ қос қолдап қолдайтыны белгілі. Сол күннен сақтасын, өйткені өз елінде өз тіліндегі атауын күтіп тұрған елді мекен тым көп бізде. Соның бірі Петропавл қаласының аты ауысады екен деп ел сүйіншілеп еді, бірақ бұл ақпаратты Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов жоққа шығарды. Ақсақалдың айтқанын ұйып тыңдайтын ел Ақсақаловты біраз сынады.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ