Астанада қазақ интернетінде контент жасаушылардың III форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қазақ интернетінде контент жасаушылардың III форумы өтті

06.12.2018
Астанада қазақ интернетінде контент жасаушылардың III форумы өтті

Бүгін елордада ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» РТРК» АҚ, ҚР-дағы АҚШ Елшілігі және Қазақстан Баспасөз клубының ұйымдастыруымен жылсайынғы QAZFORUM-2018 конференциясы өтті.  

Биыл форумның серіктестері ретінде «KaspiBank» АҚ, «Kcell» АҚ және «AirAstana» АҚ қолдау көрсетіп отыр.

Форум мақсаты – қазақтілді онлайн-медианы дамыту, сапалы контентті арттыру және қазақтілді ғаламтордың көкейтесті мәселелерін шешу жолдарын іздеу. Форум аясында қазақтілді медиа алдында тұрған қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған тұрақты пікірталас алаңы құрылды.  

Биыл ұйымдастырушылар форум атауын өзгертіп, өткен жылдардағыдай қазақтілді сайттарға ғана көңіл аударып қоймай, әлеуметтік желілер, мессенджерлер және басқа да заманауи интернет-платформалардағы контент мәселесін қозғауды жөн көрді. Ұйымдастырушылар аса маңызды деген мәселелерді ортақтаса шешу арқылы ғаламтордағы қазақтілді контентті ары қарай дамытуға ниетті.

«Мен қазақ контент жасаушылар форумын медиа нарығы үшін маңызды іс-шара деп есептеймін. Ол маңызды беталыстарға назар аудартып, көкжиекті кеңейтеді, қазақстандық журналистерге сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктерге дайын болуға көмектеседі», - деп атап  өтті АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Уақытша Сенімді Өкілі Теодор Линг.

Форумның бірінші сессиясында контентті басқаруға арналған заманауи технологиялар жайлы сөз қозғалды. Мемлекеттік тілдегі контент жылдам қарқынмен дамып, оқырман ақпаратты қазақ тілінде тұтына бастады. Алайда, жаңа жағдайлар жаңа талаптарды қойып отыр: қазақша контентті шығарып қана қоймай, оны басқару да қажет. Қазақ тілді БАҚ осы бағытта дұрыс жұмыс істеп жатыр ма, олар өз аудиториясын біле ме және ең озық технологияларды қолданып отыр ма?

Осы орайда «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Думан Қожахметов, 7kun.kz іскерлік жаңалықтар сайтының негізін қалаушы Ербол Азанбек, «Baribar» сайтының негізін қалаушы Ербол Серікбай, «balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай және қазақстандық саясаттанушы Айдос Сарым өз идеяларымен және пікірлерімен бөлісті.

Екінші секция ақылды журналистикаға, заманауи аналитика құралдарын табысты түрде қолдануға, онлайн-технологиялар мен үдерістерді автоматтандыруға арналды. Nur.kz интернет-порталының бас редакторы Павел Притчин, «Informburo» жаңалықтар сайтының бас редакторы Михаил Дорофеев, «Galamattech» ЖШС бас директоры Абай Серғазиев, «Аналитика және BigData қауымдастығының» президенті әрі  кәсіпкер Сергей Ахметов, «Атамекен» ҰКП IT-кеңесінің төрағасы Мирус Құрмашев өз кейстерімен және тәжірибелерімен бөлісті.

Форумның екінші жартысында қатысушылар «хайп мәдениеті» деп аталатын феноменмен етене танысып, осы ерекше құбылыстың тетігі жайлы біліп, брендтерді ілгерілетуге арналған стратегияларды меңгереді.

Бұл секцияға спикер ретінде музыкалық продюсер Ерболат Беделхан, тележүргізуші Динара Сәтжан, журналист әрі блогер Өркен Кенжебек, «Ұлан» газетінің редакторы Жұлдыз Әбділдә және  «Шоу Ирины Кайратовны» жобасының режиссері әрі авторы  Қуаныш Бейсеков қатысты.

Форум аясындағы қорытынды сессияда болашақтағы трендтерге шолу жасалды. Қатысушылар IT-аналитик және медиа-жаттықтырушы Тимур Бектұр, маркетолог және Yuframe шығармашылық бірлестігінің негізін салушы Расул Абдуллаев, BTS digital компаниясы білім беру орталығының бастығы Саясат Нұрбек және журналист әрі медиа-жаттықтырушы Асхат Еркімбай медиа саласының болашағы жайлы ойларымен бөлісті.

QAZFORUM – бүгінгі күні қазақ тіліндегі онлайн-ресурстар мен digital-коммуникацияларды дамыту мәселелеріне арналған елордадағы жалғыз әрі тиімді алаң.

 

Қазақ интернетінде контент жасаушылардың III форумы (1 бөлім)

Қазақ интернетінде контент жасаушылардың III форумы (2 бөлім)

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

 

Фото: Нұрбек Әлманбетов

Хабарламаларға жазылу