Досхан Жолжақсынов: Елбасының қоңырауы үлкен жауапкершілік жүктеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Досхан Жолжақсынов: Елбасының қоңырауы үлкен жауапкершілік жүктеді

05.12.2018

Желтоқсанның бірінде «Nazar» бағдарламасына кинорежиссер әрі актер Досхан Жолжақсынов келді.

Ол қазір «Күрең ат» деп аталатын киноны қолға алған. Туынды «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», деген ой салады.

Досхан Жолжақсынов сөз басын: «Тарихи киноға барған адамның біліммен қарулануы – аз. Ол сексеуілді жарып отқа салған, табаны жусанға тиген адам болмаса, сәтті шығуы қиын. Малдың астын тазарту, сиырды айдап келу, өзіңнің қойыңды бөліп алу сияқты дүниелерді көрдік. Содан ба, біздің жас бауынға айтар сынымыз - көп»,- деп бастады.

Сонымен қатар, қазіргі ән мен әншілер туралы ой қозғаған ол: «Бүгінде әнді өзі жазған, сөзді өзі жазған әншілер көп. Ал әнін тыңдасаң, мағына жоқ. Жөргегімнен тыңдап өскенім – ол қазақтың классикалық әндері. Күйдің өзі неге тұрады? Басқа қай елде күй бар? Жұбайым да  әнші. Оның тембрі өте ғажап. Қазір ондай әншіні табу – қиын. Біздің отбасы құруымызға себеп болған да оның дауысы.  Көбісі «жарасымды қарым-қатынастарыңыздың сыры неде?»,-деп сұрап жатады. Оның сыры – қарапайым ғана.  Неғұрлым құнды, таңқаларлық дүниенің бәрі – қарапайым. Адам жүре келе, бір-біріне үйреніп қалады. Кейде Қаракөз үйде болмай қалса, құлаққа ұрған танадай болып қаламыз»,- деді.

Сонымен бірге, актер қазір жастар арасында кең етек алған ажырасу жайлы сөз қозғады: «Ажырасу қайдан шығады? Табиғаттың ең бір ғажап табысы – адам баласы. Оның ғажайып құбылысы – біріншісінің екіншісіне ұқсамауы. Ал осы бір-біріне ұқсамайтын  жандардың тіл табуын қалыпты құбылыс ретінде қараймыз. Философиялық деңгейден қарайтын болсақ, бұл – ғажап қой. Қыздарымыз пәтері  бар, көлігі бар, әке-шешесі бай адамды іздейді. Жігіттер де тағы  солай торуылдайды. Осы екеуі бір-бірін табады. Уақыт өте келе, бір-біріне деген махаббаттың жоқ екені сезіледі де, жолдары айырылады».

Сөз соңында: «Мен театрға директор болып кіргеннен кейін, Елбасы маған хабарласып тұр. Бұл кемеңгерге тән қадам. Президент маған: «Досхан, құтты болсын! Өзің білетін шаруалар ғой. Бас-көз боларсың»,- деді.  Содан мен зарлап қоя бердім: «Нұр аға, анау жоқ, мынау жоқ»,-деп. Ол «көмекшіме хабарласып, керегіңді айтарсың»,-деді. Айтқан кем-кетік толтырылды.  Театрдан кетерде де  Елбасыдан рұқсат сұрадым.  Маған хабарласуы үлкен жауапкершілік жүктеді»,-  деді режиссер.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу