Елбасы мақаласы қазіргі Қазақстанның жаһандық рөлін анықтауға тірек болмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы мақаласы қазіргі Қазақстанның жаһандық рөлін анықтауға тірек болмақ

03.12.2018

Саясаттанушы, сарапшы Ғазизат Оспанқызы бүгін «Tańsholpan» студиясында қонақта болып, сұхбат берді. Әңгіме Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында өрбіді. Ғазизат Оспанқызының айтуынша, Елбасы мақаласы – мемлекеттің тарихи аренадағы орнын негіздейтін, кезең-кезеңмен жасалынған стратегиялық бағдарлама.

«Егемендік алғаннан бастап Қазақстан әлемге бейбітшіл мемлекет ретінде танылды. Ал, дәл қазіргі кезде Қазақстан жұртшылығы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлікпен елімізді әлем тарихына негіздеп алу керек. Мақалада тарихи сананы жаңартатын амалдарға дейін көрсетілген. Түсіндіру жұмыстары да екпінді атқарылуда. «Ұлы даланың жеті қыры» - патриоттықтың негізі», - дейді студия қонағы.

Сонымен қатар, сарапшы жас саясаткерлер жөніндегі ойымен де бөлісті. Қазіргі таңда жастарды қандай мәселелер толғандыратынын айтып берді.

«Саясаткер боламын деген жастар бірден жарқырап көзге түседі. Олардың дені - ауылдық елді мекендердің әл-ауқатын көтеруге үлес қосамын деушілер. Ал, саясаттанушы боламын деген жастарды «Қазақстанның халықаралық дәрежедегі орны қайда?», «Инвестицияны қай жақтан тарта аламыз, оның қайтарымы қалай болады?», «Әлемге не ұсына аламыз?», міне, осы сұрақтар мазалайды. Оларға өзіміз таң қаламыз», - дейді ол.

Сұхбаттың толық нұсқасын  «Tańsholpanнан» көріңіз.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу