Байқау аясында іріктеуден өткен қазақстандық 25 БАҚ Chartbeat компаниясымен келісімшартқа қол қойып, кең жұртшылыққа қандай деректерді ашуға дайын екендігі жайлы ортақ шешім қабылдады. Бұл шешім отандық БАҚ нарығының айқындылығын қалыптастыру мақсатында жасалып отыр.
Ашық деректер панелі жарнама берушілерге қазақстандық медиа жайлы ең сенімді деректерді алуға мүмкіндік береді. Оның басты мақсаты – кең жұртшылыққа онлайн аналитиканың нақты деректерімен бөлісуге дайын қатысушылар арқылы ашық нарықты құруға мүмкіндік жасау.
Қазақстандық БАҚ нарығын дамыту мәселелеріне арналған XI республикалық «Media Құрылтай 2018» конференциясы аясында баяқаудан өткен 25 БАҚ-тың Chartbeat өкілдерімен жабық кездесуі өтті. Кездесу кезінде Chartbeat компаниясының клиенттермен жұмыс жүргізу жөніндегі маманы Джейкоб Андерсон қатысушыларға жетекші аналитикалық компанияның онлайн-метрикаларының артықшылықтары және отандық БАҚ-пен бірлескен жоба жайлы айтып берді.
Байқау қатысушылары Chartbeat компаниясымен келісімшартқа қол қойып, көрсетілетін бес өлшемді таңдады, олар – сайттағы беттерді қарау саны (page view), бірегей қолданушылар саны (concurrents), трафик көзі (traffic source), гео-деректер (location) және сайтта болу уақыты (engaged time). Енді жобаның келесі кезеңі аясында Ортақ панель құрылып, ол 2019 жылдың бірінші тоқсанында онлайнда жұмыс жасап бастамақ.
Естеріңізге салып өтсек, үстіміздегі жылдың қазанында Қазақстанда Chartbeat аналитика онлайн құралдарын қолдану жөніндегі жоба іске қосылған болатын. Жоба аясында 25 отандық онлайн басылым бір жыл бойы Chartbeat құралдарын өз жұмысында тегін қолдануға мүмкіндік алады. Байқау финалына шыққан қатысушылардың тізіміне «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының интернет-порталы www.kaztrk.kz кірді.
Анықтама
Озық онлайн-метрикаларды қолдану жөніндегі жоба 2018 жылдың қазан айында Қазақстанда іске қосылды. Жоба операторы – Қазақстан Баспасөз клубы. Жоба Қазақстандағы АҚШ Елшілігі арқылы Инновациялар қоры есебінен қаржыландырылады. Жоба іріктеуден өткен 25 БАҚ-қа бір күнтізбелік жыл ішінде Chartbeat құралдарын тегін қолдануға мүмкіндік береді. Екінші жылы Chartbeat жобаның бірінші жылына қатысқан 25 БАҚ-қа 70%-дық шегерім ұсынады. Оның үстіне, жоба қатысушылары компания өкілдерінен кеңес алып, оқудан өте алады.