12-13 қарашада елордада өтетін «Астана клубы» төртінші отырысының бағдарламасына қатысты толықтырулар жарияланды. Шақырылған спикерлердің арасында экс-президенттер мен халықаралық ұйымдардың бұрынғы көшбасшылары да болатыны хабарланды. Жозе Мануэл Баррозу (Португалия), Иво Йосипович (Хорватия), Бронислав Коморовский (Польша) және Ив Летерм (Бельгия). Осы белгілі төрт мемлекеттік қайраткер - «Астана Клубы» төртінші отырысының мәртебелі меймандары.
«Астана Клубының» ұйымдастырушылары Елбасы - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры және Елбасы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты.
Негізгі шетелдік қонақтардың бірі Хорватия президенті (2010-2015) Иво Йосипович «Астана Клубының» ашылуында сөз сөйлейді. Жиын Еуразияны дамыту үшін күрделі түйіндерді шешу, аймақта ынтымақтастықты дамыту және өткен жүз жылдықтың тәжірибесін ұғыну мәселелерін талқылауға арналады.
Еуропа комиссиясының төрағасы (2004-2014), Португалияның премьер-министрі (2002-2004) Жозе Мануэл Баррозу «Еуразияның шиеленіскен уақыты: геосаяси тығырықтан шығатын жол бар ма?» атты алғашқы панельдік сессиясының жұмысына қатысады. Басқа сарапшылармен бірге ол Еуразия кеңістігіндегі қарама-қайшылықтарды талқылайды.
Баррозумен қатар, жаппай геосаяси тұрақсыздық мәселелері және оларды шешу жолдары туралы пікірталасқа белгілі саясаткер, Польшаның президенті (2010-2015) Бронислав Коморовский де қатысады.
Сонымен қатар, «Астана Клубы» жұмысының шеңберінде Қазақстанға IDEA Халықаралық институтының бас хатшысы, Бельгияның премьер-Министрі (2008, 2009-2011) Ив Летерм келуді жоспарлап отыр. Летерм Еуразияның өзара әрекеттесу институттарын дамыту және төніп тұрған қауіптермен күрес әдістерін талқылауға қатысады.
Биылғы «Астана клубының» жұмысына әлемнің 33 елінен, соның ішінде Австрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Польша, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Хорватия, АҚШ, Швеция және Жапония сияқты елдерден 50-ден астам спикер қатысады.