«Men Qazaqpyn» жобасында алты қатысушы өнерлерін көрсетті (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Men Qazaqpyn» жобасында алты қатысушы өнерлерін көрсетті (ВИДЕО)

14.10.2018

Бүгін «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан «Men Qazaqpyn» мегажобасының кезекті шығарылымында алты қатысушы өнерлерін көрсетті.

«Күй» аталымы бойынша Сырым Шоңбаев, Нұрсұлтан Сарыев сынға түсті.

«Дәстүрлі әнде» Әліби Қаниев, Еркебұлан Ахметов сахнаға шықты.

Ал, «Терме» жанрында Темірбек Асқамбаев пен Мейрамгүл Здуалиева бақтарын сынады.

Сахна төріне бірінші болып, шығыстың намысын қорғап келген әнші Әліби Қаниев шықты. Ол халық әні «Бұлбұлымды» орындады. Қазылар алқасының мүшесі Ұлжан Байбосынова «Әліби жаман әнші емес, бірақ қобалжып тұрғандықтан ба әлде өзінің табиғи дауысынан ба, артық діріл болды. Сол көңілге қона қоймады. Жалпы, дауыс жақсы, әдемі», - деген пікірін білдірді.

Екінші болып Алматы қаласының күйшісі Сырым Шоңбаев өнер көрсетті. Ол «Ақсақ құлан» күйін шертті. Оның өнеріне Әлқуат Қазақбаев Сырымның шеберлігіне, орындаушылық өнеріне, дыбысты алуына тоқталып, аталған күйді тамаша орындап шыққанын айтты.

Ал, Маңғыстау облысынан келген Темірбек Асқамбаев Е.Мекеұлының «Сөз басы» термесін көпшілікке тарту етті. Оның орындаушылығына қазылар алқасы мынадай баға берді:

Хатимолла Бердіғалиев: «Терме Темірбектің құлағына сіңген. Маған орындау мәнері ұнады».

Ұлжан Байбосынова: «Темірбекті студент кезінен білемін. Сол кезден бері енді тыңдап отырмын. Кәдімгідей өсу байқалады. Әдемі қалыпқа түскені жыр қорын ұлғайтқаны болмысынан-ақ көрініп тұр. Бүгінгі орындау өте жақсы. Осы өнерді жалғастырушылар Темірбектей болса, онда өнер өшпейді».

Ал, қарағандылық әнші Еркебұлан Ахметов халық әні «Аққұм» әнін шырқап, Мырзатай Жолдасбековтың көңілінен шыға білді. Қазылар алқасының төрағасы «ән де жақсы, әнші де жақсы. Мен мына жігіттің әншілігіне өте қатты ризамын», деп пікір білдірді.

Келесі болып Ресейдің Астрахань өңірінен келген Нұрсұлтан Сарыев шықты. Ол Құрманғазының «Бұлбұл» күйін тартты. Айгүл Үлкенбаева «Бұл мінсіз техниканы талап ететін күй. Дыбыстар анық, ноталардың бәрі естілуі керек. Сол жағынан мен шынымды айтсам, баға беруге қиналып отырмын», - деген ойын білдірді.

Бүгінгі бағдарламаны Солтүстік Қазақстан облысының термешісі Мейрамгүл Здуалиева қорытындылады. Ол Наурызбек жыраудың «Ал, жігіттер, сал құлақ» термесін айтты. Ұлжан Байбосынова Мейрамгүлдің дәл осы термені орындауын батырлық деп есептеп, дегенмен, бүгінгі дайындығы өте төмен екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, «Men Qazaqpyn» мегажобасын әр жексенбі сағат 21:05-те Ұлттық арнадан тамашалай аласыздар.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу