Күні кеше қазақтың ортақ қазынасы Шерхан Мұртаза мәңгілік сапарға аттанды. Осыған байланысты ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы және жазушы Сұлтан Оразалы «Таңшолпанның» төрінде нар тұлға туралы әңгіме қозғады.
«Шерхан Мұртаза журналист, жазушы ғана емес. Оның біздің қоғамымызда алатын орны ерекше. Шер аға журналистикаға алғаш келгеннен бастап бүкіл өмірін осы салаға арнаған адам. Бұл мамандықтың Қазақстанда беделінің көтерілуіне бірден-бір себепкер болған жан.
Қаламгер қазақ елінің басына нәубет төнген жылдары дүниеге келген. Сол жылдардағы статистикаға сәйкес, туылған балалардың мыңнан біреуі ғана тірі қалып отырған. Шерхан мыңға баланған бір адам. Қазақ қоғамында алпысыншы жылдардан бастап басты рөлді атқарады. Оның тағдырына қарасақ, ол Қазақстанның ең басты баспасөздерінде басшылық қызмет атқарған екен», - дейді Сұлтан Оразалы.
«Шерхан Мұртазаның жазушылығы бөлек, үлкен әңгіме. Оның алғаш жарық көрген және кейінгі туындылары халықтың сүйікті шығармаларына айналған. Әңгімелері өте мөлдір, өзінің болмысына сай, өзгеше. «Ай мен Айша» - нар тұлғаның сол өзгеше тағдырымен байланысты туынды», - дейді Қажығали Мұханбетқалиұлы.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.