Кеше «Tungi studio»-ға Тәуекел Мүсілім қонаққа келді.
Ол өзінің шығармашылыық өміріндегі өзгерістері туралы сөз қозғады. Бұрынғы продюсерінен бөлек шыққан. Шоу-бизнесте тәжірибе жинаған соң осындай шешімге келген.
Бөлек отау иесі болғаннан кейін де оның шығармашылық өмірі қайнап жатыр. Жақында «Брат или брак-2» фильміне түсті. Кино Алматы қаласында түсірілген. Тәуекелдің айтуынша күзде немесе қыста көрсетіледі.
Сонымен бірге, эстрада әншілерінің бейнеклиптерінде де жиі көрініп жүр. Жақында ғана Жанардың «Сүйем-Жек көрем» атты әнінің бенебаянына түсті. Бұған дейін де Жанардың бенебаяндарының бірнешеуінде көрініп қалған. Мұның себебін – Жанармен жұмыс істеу қызық екенімен түсіндірді. Жанардың кез келген дүниеге профессионалдықпен қарайтынын ұнатады. Бейнеклипте ол эмоцияны жоғары деңгейде беруге тырысқан.
Сондай-ақ, өзінің жақында үйленетінін мәлімдеді. Болашақ жарын жақын достары Артур мен Бауыржанның үйлену тойларына апарған.
Тәуекелдің тағы бір қыры – футболға жақындығы. Бір қызығы, оның балалық арманы – футболист болу екен. Ол 16 мемлекет қатысқан шоу-бизнес жұлдыздары арасында өткен футболдан әлем чемпионатында жартылай қорғаушы болды.
Тәуекел Мүсілім студияда актерлық шеберлігін көрсететін ойындарға белсене қатысты. Сондай-ақ, Мақпал Жүнісова, Қайрат Нұртас сияқты еліміздің танымал әншілерінің сахнадағы іс-қимылын салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен бірге дүрбі киіп, студиядағы футбол алаңында да атой салды.
Естеріңізге сала кетейік, «Tungi studio» дүйсенбі-бейсенбі күндері сағат 23: 50-де жарыққа шығады.