Кеше «Qareket» бағдарламасында «Zan» айдары жарыққа шықты. Хабарды Нұрбол Батырбай тізгіндеді.
Бағдарламада «қос қария – қос мұңлық» тақырыбы қозғалды.
Кенжегүл Ахилова есімді қария «Qareket» студиясына қонаққа келген. Туған қызы Меруерттің үйін тартып алмақ ойы барын айтып, араша сұрай келді.
2010 жылы Кенжегүл апа Сарыағаштан немерелерінің ержетіп, ЖОО түсуіне байланысты Алматыға көшеді. Қызы Меруертке 19 мың долларды ұстатып, үй немесе жер алып беруін сұрайды. Ол өзінің пәтерін кепілге қойып, 24 мың долларға несиеге жер сатып алып береді. Кенжегүл апа несиені 2 жыл төлейді. Ары қарай төлеуге шамасы келмей, қызы несиені өзі өтейді.
Арада жеті жыл өткенде, 2017 жылдың желтоқсан айында батарея жарылып, Кенжегүл апа уақытша інісінің үйінде тұрады. Жөндету үшін үйдің құжаттары қажет болады. Құжаттарды сұрай барған Кенжегүл апаға Меруерт бермей, ауыр сөздер айтып, қуып шығады.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барған журналистер үйдің кепілде тұрмағанын анықтайды. Кенжегүл Ахилова сотқа арыз берді.
Айта кетейік, «Qareket»-тің алдыңғы санында өз мұңын айтып келген Нұрғожа Молдабековтің мәселесі шешілді. Нұрғожа атаға бір кісі қарызға ақша беріп, үйін тартып алған болатын. Мәселе өз шешімін тауып, ақсақал үйін қайтарып алды.