Қайсар Әлім: Тоқтар Әубәкіровті алғаш ғарыштан қарсы алған журналист мен болдым - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайсар Әлім: Тоқтар Әубәкіровті алғаш ғарыштан қарсы алған журналист мен болдым

10.09.2018

Бүгін «Tansholpan» бағдарламасында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері жазушы, журналист Қайсар Әлім, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Қалила Омар қонақта болды.

Қайсар Әлімнің шығармашылығына елу бес жыл толып отыр. Осыған орай ол алты кітабын жарыққа шығарды.

Ал Қалила Омар оның шығармашылықтағы елу бес жылдық мерейтойына орай, журналистің өмір жолына арнап, деректі фильм түсірді. Фильмде журналистің шығармашылық өмірі, журналистік жолы ғана емес, аяулы жар, салиқалы ата, қамқор әке ретіндегі бейнесі де берілген. Жары Алтын екеуінің махаббат хикаясы киноға арқау болды.

Қайсар Әлім «Егемен Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар еңбек етті. Осы жылдар ішінде ел газетімен бірге тарихи оқиғалардың куәгері болды.

Ол сондай-ақ, елу жеті жылдан кейін Міржақыптың сүйегінің елге оралуына ат салысқан.

1986 жылы Чернобыль апаты туралы деректі мақала жазған.

1991 жылдың 2 қазанында Тоқтар Әубәкірұлы ғарышқа ұшады. 10 қазанда жерге қонғанда, ол алғаш «Егемен Қазақстаннан» сұрақ қойған: «Тоқтар Әубәкірұлы, ғарышта Мәдидің «Қаракесек» әнін шырқаймын деп едіңіз, айта алдыңыз ба?» дегенде, ол басын изеп, ықыласпен жауап берген екен. Осыдан кейін ол «Тоқтарлар Торғай жерінде» деген мақала жазады.

Қазақтың заңғар жазушысы Әзілхан Нұршайықовпен 34 жыл хат алмасып, жинақтап «Махаббат жаршысы» деген кітап шығарады. Жазушының алпыс жылдығында Әзілхан Нұршайықов «Қаламыңды тастама» деген мерейтойлық құттықтау жазды.

Деректі фильмнің тұсаукесері ертең сағат 15:00-де Орталық кітапханада өтеді.

Еске сала кетейік, «Tansholpan» бағдарламасы дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 7:00-10:00 аралығында эфирге шығады.

Хабарламаларға жазылу