Ерлан Рысқали: Сахнаға өнер мектебін бітірген, кемелденген өнерпаздарды шығару керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлан Рысқали: Сахнаға өнер мектебін бітірген, кемелденген өнерпаздарды шығару керек

10.09.2018

Бір жылдық сапардан елге оралған әнші Ерлан Рысқали «Таңшолпанның» төрінде қонақ болды.

«Қайда жүрсең де қазақ болып қаласың. Әрине, еліңді аңсайсың. Ауылыма әлі жете алмай жүрмін. Балаларымның сабақтарын, құжаттарын реттеп, енді өлкем Аягөзге жол тартпақпын.

Англияға жұбайым да, балаларым да барды. Сыртта ағылшын тілін меңгеріп, балаларым да үйренді. Лондонда мен араласқан 50-ге тарта қазақ отбасы бар. Олардың қандай да бір жиын тойлары болса да ортасында жүрдім. Қазақ қауымдастығының бұрынғы және қазіргі төрағаларымен араластым.

Оның нәтижесі де жоқ емес. Елге оралсам да дәстүрлік әнді танытуға үлес қосқаным үшін алғыс хаттар келіп жетуде. 

Жалпы ағылшындар өнердің қай түрі болса да жақсы қабылдайды. Жанр деп бөлмейді, жатырқамайды. Өте мәдениетті тыңдайды. Ал, өнер ұнап жатса келіп, қол алысып, алғыс айтады.

Олар бізден анағұрлым алдыға кеткен мемлекет. Біздің елде, әсіресе үлкен буындарда кеңес үкіметінде қалып кеткен адамдар көп. Санасы тәуелсізденбеген адамдар көп. Себебі еркін ойлай алмайды, бір дүниеге қатып қалған. Оны өзгерте алмайсың. Бұйырса елімізді тәуелсіздік алғаннан кейін туған жастар дамытуы мүмкін.

Ұлттық өнерді дамыту үшін оны тек бір арнада көрсету аз. Қазақстан мемлекетінің құндылығы әуелі - домбыра, ұлттық өнер. Сондықтан ұлттық құндылыққа бейжай қарамай, басқа да арналар көрсетіп, танытуы керек.

Қазіргі кезде домбыра ұстап, ән салып жүрген аға буын аға, апаларымыз қай жерге барып ән айтарын білмейді. Шығармашылық өсу жоқ. Сұраныс жоқ болса кімге керек? Сапа болу үшін сұранысты жасау керек. Қай сала болса да әуелі жағдай жасау керек.

«Men qazaqpyn» жобасы бізден кейін өсіп келе жатқан жастар үшін жол ашу, ынталандыру. Ал, аға буын қайда? Жастар сапалы өнер көрсетіп жатыр деп айта алмаймын. Дода додамен, алайда ұлттық өнердің сапасын төмендетіп жіберуі мүмкін. Олардың тәжірибе алып, өнер көрсеткені жақсы. Бірақ сахнаға өнер мектебін бітірген, кемелденген өнерпаздарды шығару керек», - дейді өнер иесі.

 

Толық нұсқа

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу