«Qareket»: Ауырып ем іздегенше... - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qareket»: Ауырып ем іздегенше...

10.09.2018

Қыркүйектің 10-ында «Qareket»-тің «Madeniet» хабарында салауатты өмір салты тақырыбы көтерілді. Хабарды Есболат Айдабосын тізгіндеді.

Есболат Айдабосын шымылдықты Мәшһүр Жүсіптің «Білім-ғылым» мақаласындағы ден саулығының қағидаларымен ашты. Мәшһүр Жүсіпше денсаулық кепілі таза ауа, пайдалы тамақ, қимыл-қозғалыс, шаттық, қалыпты ұйқы.

Бағдарламаға қонаққа «Темекі түтінінен азат ету» ұлттық коалициясының президенті Талапқали Ізмұханбетов, журналист Нұрлан Әбділдин, Ұлттық медицина университетінің кафедра меңгерушісі Майгүл Сейдоллақызы келді.

Хабардың бірінші кейіпкері – Бұлар Ерманов. Ол – 72 жаста. Соған қарамастан, ақсақал әлі де тың. Спортпен айналысады. 1990-2018 жылдар аралығында марафоннан 1,2-орындар алған. Оның айтуынша, денсаулық кепілі – спорт.

Хабардың екінші кейіпкері – Бекжан Шонарбаев. Жасы – 80-де. Ол спортпен айналыспайды, тағамды таңдап жемейді. Денсаулық мықты болу үшін сүйген тағамыңды жеу керек, алайда тойып жеуге болмайды дейді. Ол 53 жыл бойы ат үстінен түспеген. Жаз – жайлауда, қысы –қыстауда. Оның денсаулық сыры – таза ауа. Қымыз, шұбат ішіп, қыс-жазы дастарханынан ет арылмайды.

Елімізде дұрыс тамақтану үрдісін ұстайтындар некен-саяқ. Төрегелді Шарманов дұрыс тамақтанудың жарқын мысалы. Ол біздің ас мәзірімізге көкөніс тағамдарын көп қосу керек дейді. Қазақ халқының етке бір табан жақын екені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтырып, көкөністің ас мәзірдегі көлемін арттыру керек. Ол күн сайын көкөністі көп көлемде жейді.

Майгүл Сейдоллақызының айтуынша, адам ағзасын қалыпты физиологиялық деңгейде ұстап тұру үшін физикалық жағдайы, әлеуметтік күйі, көңіл-күйі жоғары деңгейде болғаны жөн.

Естеріңізге сала кетейік, «Qareket» бағдарламасы дүйсенбі-жұма аралығында сағат 20:55-те жарыққа шығады.

Хабарламаларға жазылу