Жуырда Ұлттық арна жаңа маусымға кірісті. Сонымен қатар, «balapan» телеарнасы да өз көрерменін қуантуда. Арна осы маусымда кішкентай көрермендеріне 30 жаңа жоба ұсынбақ. Бүгін "Таңшолпан" студиясына келген «balapan» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай мен арна жаңа жұлдыздары Ақнұр Рүстемқызы, Әлдәмир Сағидолла ұсынғалы отырған жаңалықтарымен бөлісті.
«Бала дегенде ойымызға бірден анимация, мультфильм келеді. «balapan» дегенде баланың іздейтіні анимация. Сол үшін біз биыл өндіретін өнімдерімізді қайта қарастырып, өнімдердің сапасын және санын арттырдық.
Биыл бірден 10 жобаға кірісіп кеттік. Күзгі маусымда соның 8-і жарық көреді. Бұл біздің кішкентай көрерменіміз үшін үлкен сый болады.
Телеарнаның ашылғанына биыл 8 жыл. Тәжірибеміз бар, енді бізге сапа үшін жұмыс істеу керек. Бірақ осы күнге дейін суперқаһармандар туралы ойлауға тәжірибеміз жеткен жоқ. Ал, биыл пісіп, кәсіби тұрғыда кемелденгенімізді сезіп, аниматорлармен бірігіп, үлкен жобаға кірістік. Алдымен, аудиторияны зерттедік. Балаларға үлкен сауалнама жүргізіп, қазақтың суперқаһарманы қандай болуы керектігі туралы сұрадық. Қазіргі таңда әлемде қандай қаһармандар бар соның бір бөлігін алып, өз қаһарманымызды жасап шықтық. Құпияны аша отырсақ, Ертемір деген кейіпкеріміз бар. Ол кәдімгі оқушы, бірақ қауіп төнген кезде робот адамға айналады. Екінші кейіпкер Айдар деген жігіт. Бұл дала қаһармандары туралы жоба және басқа да өнімдеріміз балапандарымыз үшін үлкен сый болады деп күтеміз.
Бала отырған жерде үлкендер де отырады. Демек, «balapan» арнасы – отбасылық арна. Сондықтан да үйде бала тәрбиесімен айналасатын ата-аналар үшін арнайы жоба аштық. Ол жобаның ерекшелігі – балалардың қалыптасуына септігін тигізетін мәселелер», - дейді Мақпал Жұмабай.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.