«Qareket» бағдарламасы алғашқы хабарын «Кісілік мәдениет» тақырыбына арнады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qareket» бағдарламасы алғашқы хабарын «Кісілік мәдениет» тақырыбына арнады

04.09.2018

Қыркүйектің 3-інде «Qaraket-тің» жаңа маусымындағы алғашқы саны жарыққа шықты. Алғашқы санды «Мәдениет» хабарымен Есболат Айдабосын тізгіндеді.

«Мәдениет» хабарында сөйлеу мәдениеті, киім мәдениеті, денсаулық мәдениеті сөз болады. Қажет жерінде қарекет қылады.

Осы сандағы тақырып – кісілік мәдениет.

Хабарға Жапонияда оқып келген Мәдина Момқал, «Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай, Алматы қаласы Алатау аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Сәуле Аханқызы келді.

Алғашқы кейіпкер – Диас Қосыбаев. Ол ауыл тазалығын сақтау мақсатында «Таза» ЖК-ны ашқан. Тазалыққа жастарды, балаларды қызықтыру мақсатында жайдарман ойындарын, сурет байқауын, баскетболдан жарыстар ұйымдастырып тұрады. Шелек ауылының тазалығына жауап береді. Қандай елге пайдалы кәсіп ашсам болады  деп толғанған ол, тазалық саласына тоқталған. Алғашында жұмыстан кейін, сағат 18:00-ден 00:00-ге дейін ауылды қоқыстан өзі тазартқан. Қазір қарамағында 10 адам жұмыс істейді.

Екінші кейіпкер – Айдын Мұсабеков. Ол өзінің бос уақытын аула тазалығына арнайды. Ауладағы шіріген ағаштардың орнына шырша ағашын отырғызып, бүгінде аула жасыл желекке айналған. Аулаға автотұрақ салу үшін жобасын сызып, әкімшілікке ұсыныс айтады. Нәтижесінде рұқсат алып, бұл күнде автотұрақ бар. Бұрын қоқысқа толып жататын аула қазір әдемі орынға айналды.

Үшінші кейіпкер – Дулат Әбенов, Іле Алатауы ұлттық паркі баспасөз хатшысы. Ол демалыс орындарындағы ең үлкен мәселе – қоқыс дейді. Демалыс орнында жылына 160 000 адам демалады. Осы адамдардан қалған қоқысты парк қызметкерлері жинап, ретке келтіреді. Аптасына 4 рет тазалық жұмыстары жүргізіледі. Ұлттық парктің аумағы 200 га. Түрген шатқалы, Үлкен Алматы шатқалы, Ботковка шатқалы, Есік шатқалы – қоқыс жиі болатын орындар.

Қызықты дерек:
Соңғы кездері әлем елдерінде плоггинг (plogging) үрдісі кең таралып келеді. Швецияда пайда болған бұл үрдіс саламатты өмір салтын ұстану мен экологияға қамқорлық мақсатында жүзеге асады. Яғни, жүгіруге шыққан адамдар қоқысты да жинай жүреді. Ол үшін не қажет?
• Өзіңізбен бірге қоқыс салатын полиэтилен пакетін ала шығу;
• Жолай кездескен қоқысты жинау;
• Жинаған «олжаңызды» суретке түсіріп, #plogging хэштегімен әлеуметтік желіге салу. Бұл осы үрдістің халық арасында барынша көп таралуы үшін қажет.
Мұндай плоггингке қазақстандықтар да біртіндеп кірісіп жатыр. Жақында Қызылорда қаласының тұрғыны баласымен бірге плоггинг жасаған.

Заңгер Гүлзия Бөкенқызының айтуынша,  ҚР Қылмыстық Кодексіне сәйкес, қоғамдық орындарға қоқыс тастағандарға  5АЕК, екінші рет орын алса 10 АЕК, үшіншісінде 15АЕК  айыппыл салынады.

Еске сала кетейік, «Qaraket» бағдарламасын дүйсенбі-жұма сағат 20:55-те күндері тамашалай аласыздар.

Хабарламаларға жазылу