«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин телекөрермендер мен спорт жанкүйерлеріне Индонезияда өтіп жатқан XVIII Жазғы Азия ойындарының «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан таратылмау себебін түсіндірді.
Құрметті достар!
«Qazsport» телеарнасы, жалпы «Қазақстан» корпорациясы мүмкіндігінше бірқатар ауқымды спорттық шараларды көрсету құқығын алуға барынша атсалысып келеді. Қазіргі кезде Индонезияда өтіп жатқан Азиада ойындарын көрсету жоспарымызда болған, тіпті қажетті қаражат та бюджетімізден қарастырылып қойған еді. Бірақ, осы жолы Азиаданың лицензиялық құқығын сатып алу әлдеқайда жоғары болғандықтан, трансляциялаудан бас тартуға мәжбүр болдық. Телеарнаның менеджерлері Азиада ойындарының құқығын сатып алу жөнінде 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап осы кезге дейін келіссөздер жүргізген болатын. Өкінішке қарай, жоғарыда айтқандай осы жылғы Азиада ойынының лицензиясы Жазғы Олимпиада ойындары мен тағы да басқа әлемдік деңгейдегі спорттық шаралардың бағасына қарағанда бірнеше есе жоғары болды.
Біз өз тарапымыздан Халықаралық спорттық ұйымдарды бұл жайында ескерттік. Бірақ, Азиада ойындарының құқығы xалықаралық жекеменшік компанияда болғандықтан, Халықаралық Олимпиада комитеті де, Азиалық кеңес те араласуға құқығы жоқ. Азиада ойындарының көрсетілімінен тек біз ғана емес, кейбір көрші мемлекеттердің де ұлттық телеарналары бас тартуға мәжбүр болды. Және де лицензия бағасы, әр елдің экономикасы мен теленарықтың даму деңгейіне байланысты әр түрлі.
Сондықтан, біз өз тарапымыздан барлық қазақстандықтар мен телекөрермендерімізден осы жағдай үшін кешірім сұраймыз.
Дегенмен, мүмкіндігімізше Азиада ойындарының жаңалықтарын тарату үшін «Qazsport» телеарнасынан арнайы түсірілім тобы Джакартаға жіберген болатынбыз. «Qazsport» және «Qazaqstan» телеарналарында арнайы жаңалықтар кеңінен берілуде. Сонымен қатар, «Qazsport» телеарнасында эксклюзивті материалдармен Азиада күнделіктері шығып жатыр. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы әрі қарай маңызды спорттық көрсетілімдермен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады.