Жыл сайын Қазақстанда жаңа оқу жылының қарсаңында «Мектепке жол» қайырымдылық республикалық акциясын өткізу дәстүрге айналған. Осымен он бірінші жыл қатарынан қолға алынып отырған шара биыл да жалғасын тапты.
Бүгін «Қазақстан» РТРК» АҚ қызметкерлері аталмыш акция аясында Қазақстанның «SOS балалар ауылдары» корпоративтік қорына барып, Астанадағы балалар үйі тәрбиеленушілерін мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етті.
Мұнда түрлі балалар үйінен жиналған 3-6 жасқа дейінгі 55 бала болды. Акцияға «SOS балалар ауылдары Астана» отбасылық қамқорлыққа алу бойынша координатор Светлана Мұқатаева және Қазақстанның «SOS балалар ауылдары» КҚ корпоративті фандрайзері Айгүл Құсайынова қатысты.
Айта кетейік, әлеуметтік бағыттағы «Мектепке жол» акциясы бүкіл ел бойынша 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жүргізіледі. Акция шеңберінде көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардың балаларына мектепке баруға қаржылай және заттай қолдау көрсетіледі.