Қазмедиа орталығында байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай баспасөз, радио және интернет-журналистика саласына арналған «Үркер» ұлттық сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті.
Радио саласындағы жетістіктері үшін «Қазақстанның үздік радиостанциясы» номинациясы «Shalqar» radiosy-на табысталды.
«Shalqar» ұлттық арнасы 1966 жылдың 1 қаңтарында ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы ретінде тұсауын кесті. 1998 жылы жұмысын уақытша тоқтатқанымен, 2002 жылы қайта ашылып, алғашында тек Алматы қаласының көлемінде ғана хабар таратты. Кейіннен эфир уақыты ұлғайып, республика аумағына тарай бастады.
«Shalqar» ұлттық арнасы республикадағы тек қана қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз арна. Радио өнімдері қазіргі кезде республика аумағының 62,04 пайызына тарайды. Ғаламтордағы http://shalkarfm.kz жеке сайты арқылы әлемнің әр түкпірінен тыңдау мүмкіндігі бар.
Айта кетсек, радиоарна 2017 жылы «Əн домбыра» бағдарламасымен «Үздік радиобағдарлама» номинациясы бойынша марапатталған болатын.