Астанада бүлдіршіндерге жол жүру ережесін үйрететін автоқалашық ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада бүлдіршіндерге жол жүру ережесін үйрететін автоқалашық ашылды

01.06.2018

Жол жүру қызметін реттеп тұратын бағдаршамның қызметін бүлдіршінге әдетте өлең арқылы үйретеміз. Ал, оларды жаяу жүргіншінің ғана емес, жүргізушінің рөлінде сынап көрсе, қалай қарайсыз?

Мұндай бастаманы Астанадағы «EVRIKUM Cars» автоқалашығы қолға алды. «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» акциясында Ішкі істер департаменті қаладағы 1-сынып оқушыларына шеберлік сабағын өткізді.

Бұл шара бойынша инспекторлар қалашық ішінде балғындарға алдымен жол ережесін түсіндірді. Кейін әрқайсысына жеке көлік беріп, алған білімдерін тәжірибе жүзінде байқап көруге жағдай жасады.

Балалар алдымен, көлікті жалға алады. Нұсқаушылар 3 кезеңнен тұратын нұсқаулық бойынша кеңес береді. Бірінші кезеңде жалпы ереже түсіндірілсе, екінші кезеңде көлік жүргізеді. Ал, соңында балалардан емтихан қабылдап, жүргізуші кәулігі табыс етіледі. 

Бүлдіршіндерге автосауаттылығын арттыруға мүмкіндік беретін қалашықтың  маңызы зор. Ішкі істер департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері  балалардың қатысуымен 29 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 2 бала қаза тауып, 27 бүлдіршін жарақат алған. Одан басқа 7 бала белгіленбеген жақтан өтіп, ереже бұзған. Осындай олқылыққа жол бермеу үшін «Автоқалашық» секілді жобалардың жүзеге асырылуы көңіл қуантады.

 

«Толық нұсқа»

Хабарламаларға жазылу