Әнші Айгүл Елшібаева: Бір қолым домбырада, бір қолыммен қазан-ошақта жүрген жанмын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әнші Айгүл Елшібаева: Бір қолым домбырада, бір қолыммен қазан-ошақта жүрген жанмын

26.04.2018

«Мақпалдың мекені» айдарының бүгінгі қонағы - әнші-термеші Айгүл Елшібаева. Ол сахнадан бөлек, қоғамда болып жатқан күнделікті түрлі құбылыстарға бейжай қарамайтын жандардың бірі.

 

«Қанша «білдік» десек те, білмейтініміз, өмірден үйренеріміз көп. Бір қолыммен домбыра тербетсем, бір қолыммен қазан-ошақта жүрген жанмын. Рухты жыр-термелерді орындайтын болғандықтан, кейде өмірде де солай сөйлеп кетемін. Әр шығармам – халық алдындағы есебім. Әр өңірдің әндерін айтамын. Әр жақтың табиғи ерекшелігі болады. Бір мақамнан екінші мақамға түсу қиын.

 

Сахнаға шыққанда ошақ басындағы Айгүлді ұмытып, жан тебірентетін әннен тұла бойым рахат табады. Бұл да Алланның құдіреті. Сахнада патшайым болсам, үйде қарапайым ана, әйелмін. Мен үшін бұл бақыт. Басыңдағы бақытты білу қиын. Ата-бабаларымыздың өнегелі сөздерін жаттап, бойыма сіңіріп жүремін. Толдым, болдым деуге болмайды.

Телеарна – ұлттың айнасы. Адам нені көрсе, соған еліктейді. Қазіргі уақытта ақпарат құралдарында жағымсыз дүние көп. Адамның еті оған да үйреніп кетеді. Сондықтан, жақсылықты насихаттайтын дүниелерді көрсету керек. Мысалы, ұлттық ән, өнер, салт-дәстүріміз бар», - дейді әнші.

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу