Сәуір айының бірінші онкүндігінде Ресейдің Санкт-Петербруг қаласында «Ресейдегі кездесу» атты Халықаралық театр фестивалі өтті. Фестивальге Астанадағы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры қатысып, «орыс театрының дамуына қосқан үлесі үшін» сыйлығына ие болды.
Осыған орай студия төрінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қасенов қонақ болып, театр жаңалықтарымен бөлісті.
«Бұл жеңіс тек М.Горький театрының жеңісі емес, жалпы, Қазақстандағы театр өнерінің үлкен жеңісі. Өйткені, біз мемлекет атынан бардық. Ол жеңіске жылдар бойы дайындалдық. Фестивальге 17 мемлекет қатысты. Біз осымен бесінші рет бақ сынап отырмыз. Бұл - бірінші жеңісіміз.
Қазақстанда 50-ге жуық театр болса, Мәскеуде 300-ге жуықтайды. Бәсекелестік мықты болды. Фестивальдің театр өнеріне беретін нәтижесі зор. Бәсекеге қабілетті болу үшін көп еңбек ету керек. Қазақстанның театр өнері әлемдік аренаға шыға бастады», - дейді Еркін Тілеуғазыұлы.