Қасым Қайсенов 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданында дүниеге келді. Қасым Қайсенов Қазақстанның Халық қаһарманы, көрнекті жазушы, көзі тірісінде аты аңызға айналған халқымыздың қайталанбас біртуар даңқты перзенті.
1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, 1938 жылы оны бітірген. Павлодар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі.
1937 жылы отбасын құрады. 1941 жылы соғысқа аттанады. 1944 жылдың аяғына дейін Молдова, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады.
Соғыс аяқталған соң Отанына оралып, бейбіт еңбекпен араласып, Қазақстан жазушылар одағында жауапты жұмыс атқарады.
Қайсенов Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің жанқиярлық ерлігін шынайы суреттеген, оқушы жұртшылыққа кеңінен мәлім көптеген шығармалардың авторы.
1954 жылы орыс тілінде «Жас партизандар» атты алғашқы кітабы жарық көрді. Одан кейінгі кездерде «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары», тағы басқа әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман қолына тиді. Бұл шығармалары орыс, украин, басқа да көптеген тілдерге аударылған. Кейінгі кездері «Елімнің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жазбалар», тағы да басқа кітаптары жарық көрді.