Гаджеттерді орынсыз қолдану ажал құштыруы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гаджеттерді орынсыз қолдану ажал құштыруы мүмкін

21.04.2018

Қазір кеудесінде жаны бар адамды жаны жоқ, бірақ, жады бар техниканың жіпсіз байлаған заманы болды.  Әлемдегі 7,5 миллиард адамның 3,5 миллиарды күн ұзаққа ғаламторға телміріп отырады. Оның ішінде, біздің еліміз гаджеттерге тәуелділердің алғашқы шебінде. Психологтардың айтуынша, гаджетқұмарлар ауру екен, оны емдеу керек. Ондай емдеу жүргізетін орталықтар қазір көп. Соның бірі Американың Сиэтл қаласында. 2009 жылы ашылған клиникада 45 күндік курс бар. Ал, Лондонда 2010 жылы психатриялық клиника ашылды. Заманауи техниканы игілікке емес, қиғылыққа қолданғандардың тәртібін тезге салады.

Адамның санасын жіпсіз байлап, жүйкесін жайлап алатын телефон, компьютерлерден тағы бір қауіп келді. Бір айдың ішінде «Samsung»-тің су жаңа смартфоны 35 рет өз-өзінен өртеніп кеткен. Осы жағдайдан кейін «Lufthansa», «Singapore Airlines», «AirAsia», «Air France» және «KLM» атты әуе компаниялары өз ұшақтарына «Samsung Nоtе 7» маркалы қалтафонмен тірі жанды өткізбейтін тәртіп шығарды.

Салдарынан «Samsung» 2016 жылдың соңында жаңа смартфонды шығаруды тоқтатып, сатылып кеткен 2,5 миллион данасын кері қайтарып алды.

Ал, 2016 жылдың қаңтарында Шымкентте құлаққапты тағып, әуеннің дауысын барынша шығарып қойып, теміржолды кесіп өтпек болған 21 жастағы азаматша пойыздың астына түсіп қаза тапты.

Тергеу барысында марқұмның отарбаның дабылын естімегені белгілі болды. Өткен жылдың қазан айында Қызылордада тура осындай тағы бір қайғылы жағдай болды. Кімді жазғырамыз? Сіз бен бізге заманауи техника дейтін гаджеттерді қалай қолдану керектігін қайтадан үйрену керек шығар?! Осы тақырып турасында Гүлжазира Ғалиқызының материалында.

Хабарламаларға жазылу