Бүгін Ұлттық арна эфирінде «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыс жобасының алтыншы бөлімі өтті. Кезекті жұп ретінде атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен алматылық Хазірет Бердіхан шықты.
Алғашқы кезеңде айтыскерлер «Сананы улаған телесериалдар» тақырыбында сөз жарыстырды. Қазылар алқасы қос ақынның да тақырыпты өте жақсы ашқандығын айтып, екеуіне де 40 ұпайдан берді.
Ал, екінші бөлімде ақындардың бірі «Қазақфильм», бірі «Голливуд» болып айтысты. ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев екінші бөлімді бағалау кезінде екі ақынның әбден ізденіп келгендігін байқағанын жеткізді. Бұл бөлімде де ақындар 40-40 ұпайдан еншілеп, тең түсті.
Жобаның шарты бойынша ақындар тең түскен жағдайда соңғы қорытынды сөзді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман айтады. Оның шешімі бойынша Шалқарбай Ізбасаров келесі кезеңге өтті.
Айта кетейік, бұл айтыстың бұрынғы айтыстардан ерекшелігі – аға буын мен жастар сөз додасына түседі.
Ақындардың өнеріне баға беретін қазылар алқасының мүшелері – ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, профессор Намазалы Омаш, ҚР Халық ақыны Әсия Беркенова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.
Естеріңізге сала кетсек, «Жүрсіннің жүйріктері» жобасы Ұлттық арнада әр апта жексенбі күні сағат 21:00-де көрсетіледі.