Денеге сурет салдыру денсаулыққа қаншалықты зиян? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денеге сурет салдыру денсаулыққа қаншалықты зиян?

07.04.2018

Уағында Бөкен би былай депті: «Тән сұлулығы қартаяды, жан сұлулығы қартаймайды. Тән сұлулығы мезгілге тәуелді, жан сұлулығы мезгілге тәуелді емес, өзіне-өзі тәуелді». Бидің сөзіне құлақ асатын адамдар арамызда болса, тоқ етері осы. Енді тағы тәнге қатысты түйткілге тоқталсақ. Ол денеге салатын суреттер, «татуировка» дейді жалпақ тілді. Осыны жасатам деп тентіреп жүретін жасты немесе жасамысты көрсеңіз, тоқтатуға тырысыңыз. Инемен тәнді тесіп, ішін бояуға толтырып сурет салып беру тазалық тұрғысынан сын көтермейтіні, одан түрлі аурулардың жұғатыны мен айтпасам да белгілі. Бірақ, әлгі шешенің емес, көшенің тәрбиесімен өскендерге ол тоқтау бола қояр ма? Осындайда «жүгінелік Исламға жүр баралық» дегің келеді. Денеге сурет салу немесе салдырудың үкімі - харам. Яғни, тәнге сурет салуға тыйым салынған. Өйткені, Алла өте көркем түрде жаратқан тәнді өзгерткен болып саналады. Негізінде, адам баласы мұндай жаман істерге шайтанның азғыруымен, бұйрығымен барады делінеді. Бұл туралы Алла тағала Құранның «Ниса» сүресінің 119-аятында ескерткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Денеге сурет салғанға да, салдырғанға да Алла елшісінің лағнеті болсын» - деген. Сондықтан, денеге сурет салдырудан сақтанған жөн. Исламды кейіннен қабылдаған жан бұл істің харам екенін кеш білсе, денесіндегі суретті кетіргені абзал. Әсіресе, жастар құлақ асады деген сенімдемін.

 

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ
 

Хабарламаларға жазылу