Пластикалық отаның сіз білмейтін қауіптері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пластикалық отаның сіз білмейтін қауіптері

07.04.2018

Енді әдемілік үшін әлпетін әлем-жәлем қылғандарға келсек. Федор Достоевскийдің «Сұлулық әлемді құтқарады» дегенін оқымаған, естімеген ешкім жоқ шығар. Әлемді құтқаруын қайдам, сол сұлулыққа ұмтылғандардың өзіне құтқарушы керек болып жатыр қазір. Мәселен, қыпша бел болуға ұмтылғандар қазір қысқа бел болып қалған. Астыңғы үш қабырғаларын алдырып тастап, оны мақтан етіп әлеуметтік желіге салады, желіде желіккендер әлгілердің артынан еріп кете барады. Бір қарияның кесімді сөзі еліңді, бір кейуананың кесімді сөзі келінді тәрбиелеген біздің қоғамға мұндай сорақылық әлі жетпеген шығар, дегенмен, айнаның алдына басқа адам болып отырып, тұрғанда түрін туыстары танымастай бес батпан бояуды бетке жағатын адамдардың дәуіріне енді еліміз.

Бұл Джослин Вильденштейн. Күйеуін қатты жақсы көретін азаматша жолдасына арыстандардың ұнайтынын байқаған. Миллиардер күйеуіне тосынсый жасамақ болған әйел пластикалық ота жасап түрін арыстанға ұқсатуға тырысқан. Бірақ, Джослиннің түрін көрген миллиардер дереу  ажырасқан. Артық қылам деп тыртық қылғандардың тағы біреуі 28 жастағы кореялық қыз. Ханг пластикалық бір отадан соң тоқтай алмай пышаққа түсе берген. Дәрігерлер қыз операцияға тәуелді болып кетті деп ота жасаудан бас тартқан. Сол кезде Ханг үйінде инені сұйық майға толтырып бетіне еге бастаған. Сұлу болам деп адасқанның тағы біреуі Деннис Авнер. Мысықтарды ерекше ұнатқан ол бет-әлпетін өзгерткен. Міне, барынша мысыққа ұқсауға тырысыпты. Өкініштісі, бұл Деннистің ең соңғы суреті. Өйткені, ақырғы отадан соң ол өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды. Пластикалық операция деген біздің елде де белең алды. Біреу бетін, біреу қасын, қабағын, ерінін дүрдитіп немесе әжімімен күресіп әлек, әйтеуір. Бұрын «бетің қисық болса айнаға өкпелеме» деуші еді, қазіргілер «бетің қисық болса ота жасат» дегенді желеу қылып алған. Әсіресе, өнерде екпе жасап жасару белең алған.

Сұлу болуға талпынғанда артық қылам деп тыртық қылып алғаннан сақтасын. Осыдан 2 жыл бұрын Оралда орын алған оқиға көптің есінен кете қоймаған шығар. Мәскеуден келген косметолог қаладағы сұлулық салондарының бірінде 39 жастағы азаматшаға ине салады. Екі бетіне екпе салған кезде қандасымыз Айжан Жақанова дірілдеп-қалтырап, аузынан ақ көбіп ата бастайды. Жедел жеткен дәрігерлер де түк істей алмады, салдарынан 3 баласының анасы жан тәсілім етті. Сот барысында Мәскеуден келген косметологтың Қазақстан аумағында жұмыс жасауға рұқсатының жоқтығы және салонда алғашқы көмек көрсететін медициналық бөлменің болмағаны анықталды. Бірақ, айыпты әйел сот залында босатылды, судья оған 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Бізде әлі күнге пластикалық ота жасаймыз деп немесе жеңіл екпелер саламыз деп жарнамасы жер жаратын салондар көп. Тек солардың қызметін қадағалап, олардың арнайы рұқсат қағаздарын тексеріп жатқан біреу бар ма деген сауал туады.

 

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу