«Мақпалдың мекені» айдарының бүгінгі қонағы айтыскер ақын Аманжол Әлтаев. Ақын бала тәрбиесі, ұлт тәрбиесі туралы сөз қозғады.
«Ұлт болашағы бесікте жатқан балаға байланысты. Қай қоғам болса да бала тәрбиесі – маңызды. Өзіміз бір әке, бір анадан 14 бала болып ержеттік. Ата-анамның әлпештеп өсірген кенже баласымын. Бетімнен қаққан емес.
Қазақи тәрбие бала санасында бесіктен қалыптасады. Ауыз әдебиетіне назар аударсақ, бесік жыры – бала тәрбиесінің бұлақ бастауы. Бала тербетіп отырып, қанша бесік жыры, өнегелі сөздер айтылады. Бесікте жатқан баланың сәби зердесіне бірінші күннен бастап қалыптасады.
Қазақтың «Құрсақ тойы» бекер емес. Келіннің бала көтергенін білдіріп, атап өтетін болған. Содан құрсағында баласы бар ананы әлпештеп, ерекше қарайтын болған. Ұрпағым өссін десе әрбір ата-ана парасатты әлемнің ішінде болуға тырысуы керек. Ол - жаман сөз естімей, жоғары талғамға сай дүние арасында болу дегенді білдіреді.
Әкенің міндеті де аз емес. Қуанышты хабар естігеннен кейін ер азаматтың жарына деген құрметі арта түсуі керек. Өмірлік азаматына деген құрметін әрбір сөзімен, қимылымен білдіруі керек.
Жалпы, бала мықты болуы үшін ата-ана алдымен өзін түзеуі керек. Өзін түземей балаға зеки беру баланың жақсы тұлға болып қалыптасуына жетелемейді. Баланы ұрсып емес, ақылмен тәрбиелеу керек. Баламен сырласып, ой бөлісу керек. Алдына келген қиындықты жеңу үшін ақыл айтып, кеңес беру керек. Сонда ғана бала сырын айтатын болады», - дейді ақын.