Әнші, актриса Ұлбосын Тәжібайқызы қазір қайда? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әнші, актриса Ұлбосын Тәжібайқызы қазір қайда?

05.04.2018

Көпшіліктің ықыласына бөленген әнші, актриса Ұлбосын Тәжібайқызы қазір қайда? Шығармашылығында қандай жаңалықтар бар?

Болашақ актерлерге ән жанрынан, домбырадан дәріс беретін ұстаздың сабағына жастар ерекше ықыласпен қатысады. Халықаралық Абай атындағы күміс медаль иегері Ұлбосын Тәжібайқызының ұзтаздық жолындағы ұстанымы – тәртіп.

Бала күнінен радиодан берілген әндерді жаттап алып, ұмытпау үшін қайта қайта орындайтын алғыр жеткіншек домбыраны тез үйренген. Кейін ата-анасы сырнай алып берген. Бірнеше музыкалық аспапты меңгерген бойжеткен өнері шыңдай түсті. Қазақтың дәстүрлі әндерін, жыр-термелерді, қазақ композиторларының шығармаларын шебер орындаған әнші түрлі кештер мен телехабарларға жиі шақырылатын.

Ұлбосын Тәжібайқызының орындаған әндері Қазақ теледидары мен радиосының алтын қорында сақталған.

Ұлбосын Тәжібайқызы ұзақ жылдар бойы Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай музыкалық драма театрында еңбек етті. Сахнада 50-ге жуық түрлі образдарды сомдады. Ол Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі.

2000 жылдан бері Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясында сабақ беретін ұстаз жас буынның өнерімізге деген ынта-ықыласын арттырып, оны зерттеп-зерделеуге тәрбиелейді.

«Қандай мамандық болсын бірінші тәртіп керек. Оқушыларым қайда болса да тәртіпті талап етемін. Тәртіпке бағынған құл болмайды. Қазақ болсаң, бойыңда қазақтың қаны ағып жатса, қазақтың ұлттық аспабы домбыраны меңгеруің керексің деп сабақ беретін студенттер бар. Алайда мамандығым басқа, бірақ домбыраны қайтсем де меңгеруім керек деп келетін студенттер де бар», - дейді әнші.

Мақсат-мұратын тек өнерге бағыттаған Ұлбосын Тәжібайқызының жолын шәкірттері жалғастыра бермек.

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу