Сыр елінен шыққан ақын-композитор Нұрсәуле Жалмағамбетова бала күнінен ән мен жырды жанына серік еткен жан. Десе де, отбасылық өмір, бала-шаға және тіршілік қамымен ол бұл әлемнен біраз алыстап кеткен болатын. Тек ұлының ажалынан кейін ғана Нұрсәулеге жүрек жарасын жазуға ән мен жыр көмектесті.
Қайта қауыштырған өнердің құдыреті оны қайғының тұңғиығынан алып шықты. Бүгінде Нұрсәуленің әндерін эстрада әншілері орындап жүр. Композитор, төрт баланың анасы бүгін «Мақпалдың мекені» айдарының қонағы болды.
«Дала қызымын десем болады. Бала кезден ауылда оркестр құрып, концерт беретінбіз. Мектеп бітірген соң Қорқыт ата атындағы университтің қазақ тілі және әдебиет мамандығын таңдадым. Студент кезімде де газетке өлең жазып жүрдім.
Көзі ашық отбасына келін болғаныма қуанамын. Атам мені қолдап отыратын. Келін бола жүріп, сол елдің сахнасында ән айтатынмын. Жолдасым өнер жолында жүруіме қарсылық көрсетпеді. Домбырамен ән айтқанымды қалады. Кейіннен балалы болып, ақындықты ысырып қойдым.
Үлкен балам 11-сыныпқа өткен жылы қайғылы оқиғаға тап болдық. Досымен бірге суға кетті. Екі баланың кеткені біз үшін ауыр болды. Сөз өнерім осы Нұрханыма дарыса деп ойлаушы едім. Нұрханның ақындығы да бар еді. Облыстық бәйгелерге қатысып жүретін. Адал еді..
Баланың өлімі анаға ауыр тиетіні анық. Балама арнап ән жаздым. Өлең жаза жүріп, шығармашылыққа қайта келгенімді байқамадым. Шығармашылығымды жаныма ем қылдым», - дейді студия қонағы.