Қазаққа беймәлім қазіргі салттар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазаққа беймәлім қазіргі салттар

10.03.2018

Аттыға әзіл, тайлыға күлкі іздеген оттаубайлардың тағы бір айыбы бар. Бұл той жасаймын деп шақшадай басы шарадай болған жұртқа дәстүр салтты атүсті айтып, өңін айналдырып жіберетін пысықтар. Қазір келіннің бетін эстрадамен ашатын масқараны да көріп жүрміз. Әйтпесе, қазақтың қуанышында, тойында ескіден келе жатқан талай есті дүние бар-тын. Мәселен, «біз шаншар». Мәні мынада: ақсақал-қарасақал аралас бір топ адам басқа ауылдың бойжеткен қызы бар үйіне түсе қалады. Бірақ, ешқандай шаруа айтпайды. Қонақасын жеп жүріп кетеді. Артынша, отағасы мен отанасы қонақтар отырған жерді қарап шаншулы тұрған бізді тауып алады. Бұл «бізде қыз бар, сізде ұл бар, құда болайық» дегенді білдіреді. Немесе «өңір салу» деген тағы бір тағылымды салт бар. Жаңадан отау құрған үйге тек бәйбішелер келеді. Ниеттері - келінге шашу шашу, құтты болсын айту. Өңір салуда жас шаңыраққа қажетті заттар, керек-жарақтар әкелінеді. Бұл жастарды қолдау, жәрдем жасау. Бұдан бөлек, «шеге шапан», «аушадияр», «құттық» дейтін қазіргілер ұмытқан мәні ерек, мағынасы терең салт-дәстүрлер көп. Тек соны көлденең көк аттылар заманауи қыламыз деп былғамай тұрғанда қайта қолданып жаңғыртса нағыз тойдың төресі сонда болмақ. Қазіргі қазаққа беймәлім салттарды Сәбит Әлдебай теріп айтады...

 

 

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу