Алғыс айту күніне орай Астанада «Қазақ радиолары» ЖШС ұйымдастыруымен «Мың алғыс» қайырымдылық кеші өтті.
Кешке Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Парламент депутаттары, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты. Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат мейірімділікті, қайырымдылықты, өмірге деген құштарлықты насихаттаумен қатар, кішкентай Арманның еміне қаражат жинау еді.
«Жан жылуы» бағдарламасының «Qazaq» радиосының әуе толқынынан беріле бастағанына 9 ай өтті. Осы уақыт ішінде бағдарлама 5 баланың шетелде ем алуына, бір көпбалалы отбасының 3 бөлмелі пәтерге ие болуына септігін тигізді. Көмекке мұқтаж жандарға радио тыңдармандары тарапынан 33 млн. теңгеден астам қайырымдылық жасалды. Үш бөлмелі пәтерге ие болған Назерке Қадырова да бүгінгі кешке арнайы қатысып, жомарт жандарға алғысын жеткізді.
Ал, «Бармысың, бауырым?» бағдарламасы эфирге шыққан 5 айдың ішінде 353 адамға хат-қоңырау арқылы іздеу салынып, жақын-жуықтарынан көз жазып қалған 32 адамның табылуына себепкер болды. Бағдарлама арқылы осыдан он бес жыл бұрын жоғалған әпкесіне іздеу салған Мұрат Аманқұлов кеш сахнасында әпкесі Тоты Аманқұловамен кездесті. Бұдан өзге, осы кеште 22 жылдан кейін табысқан ана мен баланың көрісу сәті көпшілікті ерекше күйге бөледі.
Сондай-ақ, қайырымдылық кешіне ауылдағы жетім балаларды түгел асырап алған, бүгінде көпшіліктің аузында жүрген Қошқарбай елді мекенінің тұрғындары да келді. Жақында ғана Мәскеуден емнен оралған, жарық әлемді көруге ұмтылған Дүрдана Хабибулла мен ауыр дертті жеңген Гүлжазира Құлмағамбетованың оқиғасы да тыңдармандарды бейжай қалдырмаған еді. Батыл кейіпкерлер шараның қатысушылары қатарында болды.
Екі сағатқа созылған концертте Арманның емдеу орнына барып-келуіне қажет жол билеттерін алып беретін және емге керекті қаражатты мойындарына алған қайырымды азаматтар сол ортадан табылды. Белгілі исламтанушы ғалым Қайрат Жолдыбайұлы мен кәсіпкер, «Ернияз» компаниясының бас директоры Ербол Дайраш халық алдында көмекке зәру отбасына емге қажетті 2 млн. теңгені беретіндіктерін айтты. Бұл – айтулы кештің негізгі мақсаты еді.
Қайырымдылық шарасының телевизиялық нұсқасы 3-наурыз күні 20:30-да Ұлттық арна эфирінен беріледі.