Айтыс жырының ерекше бір түрі – жұмбақ айтыс. Онда негізінен табиғат құбылыстары, адам өмірі, жан-жануарлар, қоғам тіршілігі сынды көріністер жұмбақ түрінде, өлең қосылып айтылады. Сол арқылы қос ақынның таным-түйсігі мен ақыл-парасаты сынға түседі.
Жұмбақ айтыстың ең алғашқы түрі қыз бен жігіттің қайымдасып, бір-біріне тосыннан сұрақ қойып, оған қолма-қол жауап қайтару нәтижесінде пайда болған. Ескеретін жайт - қарсыласқа қойылатын бір-екі ауыз жұмбақ айтыс тағдырын, үзілді-кесілді шеше алмайды. Бұл тәсіл тек әріптесін оқыстан тосып, тоқтатудың бір ғана мүмкіндігі болмақ.
Көбінесе жұмбақ айтыстың жауаптары барынша жинақы, терең мағыналы болады. Осы арқылы ақынның суып сармалық қасиетінен бөлек, таланты, білім, тапқырлығы мен болжампаздығы сынды басқа да қасиеттері көрермен назарына ілініп, бәйгедегі бәсі де жоғарылай түседі.
Айтыскер-ақын, журналист Нұрмат Мансұр және айтыскер-ақын Еркебұлан Қайназаров студия қонағы болып, жұмбақ айтыстың ережелері, қыр-сырлары, қазіргі уақыттағы жағдайы туралы сөз қозғады.
«Жұмбақ айтыс – айтыс жанрының ішіндегі ең қиын, жүйкеге жүк түсіретін айтыс түрі. Қазіргі уақытта қолданылмайтын себебі де сол. Жұмбақ айтыстың насихатталмауы – оның қиындығы. Өйткені осы сәтте ақынның миында бірнеше процесс жүріп жатады: жұмбақты есту, ойлау, жауабын табу және шешімін өлеңге айналдыру.
Тәжірибеде болмағаннан кейін кенжелеп қалғаны да рас. Қазіргі уақытта төл өнерімізге жастардың талпынысы жақсы. Меніңше, жұмбақ айтысы қазіргі ақындар айтысынан күрделі. Балалардың қызығушылығы бар. Алайда оларға үйрету үшін оны өзіміз сіңіруіміз керек», - дейді Еркебұлан Қайназаров.
«Жұмбақ айтыстың қолданылмай жүрген тағы бір себебі – айтыстың баяғы формасын сақтамай жүрміз. Жұмбақ айтыс жылдам айтылатын айтыс емес. Бұл екі ауылдың арасында жүретін айтыс болған. Мысалы, жігіт жұмбағын жазып бір көрші ауылға жібереді. Ол басқа ауылға барғанша, келесі ауыл жұмбақтың жауабын тауып, шешімін қайтарғанша тағы он күн өтеді. Жұмбақтың шешеімін бүкіл ауыл болып табатын болған. Қызығы осы болған», - дейді Нұрмат Мансұр.
Толығырақ «Таңшолпан» бағдарламасында.