Темірхан Медетбек: Қазақ тілін ғылым тілінен айырып алуға болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Темірхан Медетбек: Қазақ тілін ғылым тілінен айырып алуға болмайды

11.12.2017

Темірхан Медетбек 1945 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.  Ақын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының филология факультетінде оқыған. 1968-2002 жылдары Радио мен телевидениеде, түрлі газет-журналда, шығармашылық ұйымдарда қызмет атқарған. Қазақстан Жазушылар Одағында екінші хатшы болды, 2003 жылдан «Ақиқат» журналының бас редакторы.

Ақын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Темірхан Медетбек студия қонағы болып, Тәуелсіздік мерекесіне, рухани жаңғыруға қатысты сөз қозғады.

«Тәуелсіздің күні мерекесінің орны ерекше. Тәуелсіздіктен үлкен мерей, ұлы мереке жоқ. Бұл тек  бүгінгі емес, ертеңгі болашық үшін де ұлы мереке. Бүкіл тарихты мұндай атаулы мереке жоқ. Сондықтан бұл күннің қадір-қасиеті еш нәрсемен өлшенбейді.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын қазақ елі ұзақ уақыттан бері күтті. Өйткені қуатты құжаттың абырой-қасиеті Алаш көсемдерінің арман, мүддесі мен солардың идеясымен үндесіп жатыр. Рухани жаңғыруға жеңіл қарап, кез келген шараға орайластырмай, іштей өсумен байланыстыру керек. Рухани жаңғыру адамның ішкі дүниесінен өсу керек. Біз талай жыл отаршылдық, құлдық санада болғанбыз. Ол сана мұздай қатып қалған, оны бұзып кетіре алмайсын. Оны тек ілім-біліммен жеңуге болады. Мысалы, үштілділік туралы көп сөз болып жатыр. Меніңше, үштілділіктің ең басты акценті қазақ тіліне қойылу керек. Ағылшын тілінде мамандар дайындап, балаларды оқыту біраз уақытты талап етеді. Бірақ қазақ тілін ғылым тілінен айырып алуға болмайды. Мысалы, физика, химия, биология пәндерін қазақ тілінде оқытуымыз керек. Себебі одан айрылсақ, қазақ тілі той-томалақ тілі болып қалады. Өйткені, қазақ тілінен Кеңес одағының дәуірінде айрылған жоқ. Сондықтан ұрпаққа бәрін оқыту керек. Ұлтының қайғы-қасіретін бойына сіңірген адам ешқашан ұлтты сатпайды, әр уақытта жоғын жоқтап, барын барлайды», - дейді ақын.

Хабарламаларға жазылу