Отынға ағаш отап құрықталған адам қанша жылға абақтыға айдалады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отынға ағаш отап құрықталған адам қанша жылға абақтыға айдалады?

09.12.2017

Мынау-орман, ал бұл-АҚШ президенті Дональд Трамп. Бір-біріне қанша қайнатсаң да сорпасы қосылмауы керек еді, бірақ ағаш пен адамның текетіресі қазір мұхиттың арғы бетінде қызыл кеңірдек айғайға тұздық болды. Мәселе мынада, Дональд Трамп Америкадағы екі табиғи қорықтың аумаған айтарлықтай кішірейту туралы қаулы қабылдаған. Құжатқа сәйкес, алқабы 5,5 мың шаршы шақырым болатын «Аю құлағы» қорығы 90 пайызға, ал 7,6 мың шаршы шақырым аумағы бар «Ұлы баспалдақ» қорығы екі есеге кішірейтілуі керек. Дональд Трампты орманға қорған боламыз деген экологтар сотқа беріп жатыр қазір. Сарапшылар бұл тартыста Президент жеңіледі деп сәуегейлік жасады.

Соңғы 20 жылда жер бетінен оттегін ең көп бөлетін ағаштардан тұратын 200 миллион гектар орман алқабы жойылып кеткен. Қазір әр минут сайын түрлі тұқымды талдар қатар жайқалған 20 гектар орман оталуда. Экологтар осыны айтып дабыл қаққалы біраз болды, тек құлақ асқандар қат. 890 миллион гектар орманы бар Латын Америкасында жылына 500 мың гектар ағаш оталуда. Табиғи көгілдір отынның қоры жөнінен әлемде 7-орын алатын Нигериядағы ахуал мынау, қазір мұндағы орман алқабының 81 пайызы жоғалды. Адамдар әлі орманды отап отқа жағады.

Мамандар ормандардың аяусыз оталуына отыннан бөлек, кәдімгі қағаз дайындау өнеркәсібіне деген сұраныс себеп дейді. Мәселен, бір А4 форматты ақ қағазға 15-20 грамм ағаш үгіндісі жұмсалады екен. Біздің қағазға деген қажеттілігімізді өтеу үшін әлемде жылына 125 миллион ағаш түбінен кесіліп, цехтарға жіберіледі. Қазір орманды отаушылар араны емес, экологтар «құбыжық» деп атап кеткен жапонның Коматсу техникасын қолданады. Діңі берік бір ағашты 30-ақ секунда тас талқан қылады. Технология деп таңдануға болады әрине, тек уақытында тоқтамасақ, салдары адамзат үшін сойқан болуы ықтимал. Ал, біздегі орманның емес ошақтың қамын ойлағандар не қолданады, ағаш кесіп, шырша шауып құрықталғандар қандай жазаға тартылады? Сауалдардың жауабын Сәбит Әлдебай айтады.

 

Хабарламаларға жазылу