Арман Дүйсенов: Өнер жолына келмеуіме ешқандай мүмкіндік болған жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арман Дүйсенов: Өнер жолына келмеуіме ешқандай мүмкіндік болған жоқ

08.12.2017

«Сазгер» бағдарламасының бүгінгі шығарылымы ерекше. Себебі, бағдарламаның қонағы да жүргізушісі де бұл жолы бір-ақ адам. Хабар актер, композитор, жүргізуші, сегіз қырлы бір сырлы Арман Дүйсеновтің шығармашылығына арналды.

Әнші Айқын Төлепберген композитордың Асқар Дүйсенбінің сөзіне жазылған «Қайда?» әнімен кеш шымылдығын түрді. Әріптесін құттықтауға келген өнер иесі әрі аталған әннің орындаушысы Мейрамбек Беспаев бұл туынды жайлы естелігімен бөлісті.

«Айқынжан, біздің өткен 10-15 жылды еске түсіріп, жастық шаққа алып келдің. Қателеспесем, бұл ән – «МузАРТ»-тың алғашқы жазған әндерінің бірі. Толқыныста шыққан ән еді», - деді.

Ал, хор акапелласымен бірге «Туған жер» әнін шырқаған Динара Сұлтан Арман Дүйсеновке лебізін білдіріп, сауалын қойды:

- Әндеріңіз керемет. Әндеріңізге ғашықпын. Өнер жолына қалай келдіңіз?

Арман Дүйсенов:

- Менің өнер жолына келмеуіме ешқандай мүмкіндік болған жоқ. Себебі, ардақты әкем Нариман Дүйсенов батыс өңірінде атақты музыкант, саксофоншы, дирижер, музыкалық өңдеуші, әнші болған адам. Анам дәстүрлі әнші. Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті Қойсын Дүйсенова. Әжем де жырау болған.

«Өз тойының асабасы» болған Арман Дүйсеновке Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор акапелласының жетекшісі және бас дирижері Бейімбет Демеуов жемісті еңбегі үшін алғыс айтып, алғаш жүрекке қонған әні жайлы сұрады.

«Үйде көптеген күйтабақтар болатын. Қайсысын бірінші естідім деп нақты айта алмаймын, бірақ, алғаш естігенім халық әндері болуы керек», - деп жауап берді Арман Дүйсенов.  

Айта кетейік, танымал композитордың шығармашылығына арналған кеште Роза Рымбаева, «Арнау» тобы, «Жігіттер» квартеті, Айдана Меденова,  т,б бірқатар әншілер өнер көрсетті.

Хабарламаларға жазылу