Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.
Телекөпір аясында еліміздің барлық өңірінен 11 тікелей көрсетілім жүргізіліп, соның барысында Қазақстан Президентіне Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары көрсетілді.
Шара барысында Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4.0. Индустриясының технологияларын енгізіп, бұл салада индустриялық тұрғыдан дамыған елдермен және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты.
Бұдан бөлек, Елбасы цифрлық технологиялар саласындағы заманауи машықтарды меңгерген мамандарды даярлаудың маңызды екеніне назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің мүшесі болып, Ынтымақтастықтың елдік бағдарламасына қол қойғанымызды, сондай-ақ, ұлттық инвестициялық стратегияның қабылданғанын, соның арқасында елімізде көптеген трансұлттық компаниялар мен стратегиялық инвесторлар табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкіметке шет елдерге шығарылған капиталды елге қайтару үшін мүмкіндік туғызу, қазақстандық тауарларды экспорттық нарықтарда ілгерілету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес ортаны жақсартуға ерекше мән беруді тапсырды.
Айта кетейік, «Елді жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» жалпыұлттық телекөпірін «Qazaqstan» арнасы бүгін 22:00-де көрсетеді.