Мемлекет басшысы: Ауқымды индустрияландыру бағытын ұстанғанымыз дұрыс және ол уақыт талабына сай - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: Ауқымды индустрияландыру бағытын ұстанғанымыз дұрыс және ол уақыт талабына сай

06.12.2017
Мемлекет басшысы: Ауқымды индустрияландыру бағытын ұстанғанымыз дұрыс және ол уақыт талабына сай

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астанада Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру және «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. Телекөпір аясында еліміздің барлық өңірінен 11 тікелей көрсетілім жүргізіліп, соның барысында Қазақстан Президентіне Индустрияландыру картасының ең маңызды нысандары көрсетілді.

«Индустрияландырудың ең маңызды жобаларын іске қосу жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Біз бүгін металлургия, өнеркәсіп, құрылыс материалдары, машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша 25 жобаның іске асырылуын бастадық», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды индустрияландыру бағытын ұстанғанымыздың дұрыс болғанын және оның уақыт талабына сай екенін атап өтті.

«Бүкіл еліміз бойынша мыңнан астам жаңа өндіріс іске қосылып, 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Біз бүгін «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алюминий қоспасын шығаратын, ал келешекте автомобиль дискілерін жасайтын жобасын іске қостық. POSKO, «Евразхолдинг», Tenaris, «Полиметалл» сияқты өз саласының көшбасшысы саналатын белгілі трансұлттық компаниялар тартылуда», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өндірістік кооперация және авмобиль құрастыру саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударып, қазақстандық автозауыттарда электромобильдер құрастырудың басталғанын айрықша атап өтті.

«Бүгінде Қазақстанда 18 белгілі брендке тиесілі автокөлік құралдарының түрлі моделдері жинақталады. Біз оларды Қытайға, Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және басқа да елдерге экспорттаудамыз», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев шикізаттық емес сектордағы өндіріс көлемін арттыруға және оның ел экономикасындағы маңыздылығына ерекше тоқталды.

 «Химия өнеркәсібі саласында «Еврохим» трансұлттық компаниясы күрделі тыңайтқыштар шығару жөніндегі зауыттың құрылысын бастады. 14 фармацевтикалық кәсіпорында халықаралық ДжиЭмПи стандарттары енгізілді. Бүгін «Химфарм» акционерлік қоғамы «Польфарма» ірі фармацевтикалық компаниясымен бірлесе жүзеге  асыратын тағы бір жобаның іске асырылуы басталды. Құрылыс саласында негізгі құрылыс материалдары бойынша импортқа тәуелділікті жойдық. Heidelberg, KNAUF, Basf, Sika және басқа да шетелдік компаниялардың қатысуымен 180-нен астам жоба іске асырылды», – деді Мемлекет басшысы.

Іс-шара соңында Қазақстан Президенті «Алтын сапа» байқауының сыйлықтарын тапсырды. Атап айтқанда, «Үздік индустриялық жоба» сыйлығы – «Giessenhaus» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлар кеңесінің тең төрағасы В.Литуевке, «Үздік инновациялық жоба» сыйлығы – «Recycling Company» жауапкершілігі шектеулі серістестігінің жоба жетекшісі А.Рябининге, «Сапа көшбасшысы» сыйлығы – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басқармасының төрағасы М.Есеновке, «Үздік азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорын» сыйлығы – «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры М.Ералиевке берілді, «Парыз» байқауының гран-при жүлдесі «Евразиялық топ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры А.Машкевичке табыс етілді. Бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі өңірлер мен қалалардың рейтингі нәтижесі бойынша арнайы сыйлық Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевке берілді.

Айта кетейік, «Елді жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» жалпыұлттық телекөпірін «Qazaqstan» арнасы бүгін 22:00-де көрсетеді.  

Хабарламаларға жазылу