Бұлбұл үнді Бағланованың болмысы текті ата мен ананың туғанына тартады. Әкесі Тәжібай бірнеше тіл білетін, қоғам ісіне араласқан зиялы болса, әжесі хан тұқымынан, үлкен анасы Мәриям мен туған анасы текті әулеттен тараған. Ән айту өнері анасынан дарыған. Бала күнінде анасы ән айтса, бала Роза қасында билеп жүреді екен.
Роза Бағланова 1922 жылы 1-қаңтарда туған. Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Сол ансамбльмен Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы 9-мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады. 1947-1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясының, 1960 жылдан «Қазақконцерттің» әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға зор үлес қосты, ерекше сазды әншілік мектептің қалыптасуына ықпал жасады.
«Ол кісінің дауысы сопраналық эстрада дауысы. Дауысының өзіндік жаңғырығы, өзіне ғана тән мәнері болған. Сондықтан, туа біткен дарын деп ойлаймын. Көрермендердің алдында еркелеп тұратын. Ондай әншіге ғашық болмау мүмкін емес еді», - дейді әнші Ләззат Оралқызы.