«Сазгер». Марат Ілиясовтың өнер саласындағы тұңғыш қадамы (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сазгер». Марат Ілиясовтың өнер саласындағы тұңғыш қадамы (ВИДЕО)

10.11.2017

Бүгінгі «Сазгер» бағдарламасы композитор, ҚР-ның Еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Марат Ілиясовтың шығармашылығына арналды.

Кейіпкерімізге қазақтың белгілі композиторы Еркеғали Рахмадиев аса жоғары баға беріп: «20-сы ғасырдың 90-шы жылдары қазақтың ән көгінде бұлт етегін түрген көктемнің күніндей бір құбылыс болды. Шуақты, қуатты ән сазы аспанды кернеп кетті. Бара-бара ол ән қанатын кеңге жайып, қазақтың бүкіл даласын, қаласын шарлай жөнелді. Сазды, сырлы, мөлдіреген сезімге толы оның әндерін алдымен жаңалыққа жаны құштар жастар шырқады, одан кейін үлкендер айтып жүрді. Ол - Шәмші мен Әсеттен кейінгі атылатын әндердің авторы», деген болатын.

Марат Ілиясовтың өнер саласындағы алғашқы қадамдары бала кезінен басталған.

«Ес білгелі музыкаға әуес болдым. Кішкентайымыздан домбыра, баян, гитарада ойнадық. 4-сынып оқып жүргенімде түрлі әуендер шығара бастадым. Бірақ, ол кезде композитор дегеннің, әуен шығару дегеннің не екенін түсінбейсің. Қазір сол кезде шығарған әуендердің біразы «Әнші балапан» сынды хабарларда айтылып келе жатыр», - дейді сазгер.

Сондай-ақ, сазгер әлі де жаңа әндерінің жазылып жатқанын жеткізді. Бүгінгі бағдарлама төрінде Ғани мен Ботаның орындауында Марат Ілиясовтың «Анама» әні шырқалды.

Бұл әннің алғашқы орындаушылары Ұлықпан Жолдасов пен Тоқтар Серіков болған. Ал, Ғани мен Бота халыққа бұл әнді жаңаша нұсқада  тарту етіп жүр.

Бағдарламада осы әннің басты кейіпкері - сазгердің анасы Тұрар Нұрмағамбетова да болып, ұлына өнердің қайдан дарығанын айтты.

«Мен шықпаған биікке осы балам шықса екен деп көп армандадым.  4-5 сыныпта оқып жүргенде жас балаларға арналған «Көктем», «Қуыршағың оянды» сияқты әндер шығарды. Содан кейін 7- сыныптарда «Алтынайды» шығарды. Көшеде барлық балалар сол әнді айқайлап айтып жүретін», - дейді Тұрар Нұрмағамбетова.

Хабарламаларға жазылу