«Сазгер» бағдарламасының бүгінгі қонағы – әнші, композитор Сейфуллин Жолбарыс. «Сазгер» жобасы ашылды дегенде өте қатты қуандық. Себебі, қаншама ел танымайтын композиторлар бар. Сондықтан, үлкен жоба деп есептеймін. Сіздердің ұжымдарыңызға ризашылығымды білдіремін», - деді кеш қонағы.
Сейфуллин Жолбарыс «Қазақстан» тобының мүшесі болған. Үлкен сахнаға шығуы «Азия дауысынан» басталған.
«Үлкен сахнаға ағама арнап «Сендей адам табылмас маған» әнімен шықтым. Қазылар алқасының құрамында отырған Лайма Вайкуленің өзі «Осы фестивальдың ең үздік әні» деген болатын», - дейді ол.
Аталмыш шоуда әнші Жұбаныш Жексенұлы Сейфуллин Жолбарыстың «Мен сені ойлайтынмын» әнін шырқады. Өз кезегінде композитор осы әннің шығу тарихына тоқталды.
«Бұл әннің тағдыры өте қызық болды. Өз алдына жаңа ән болған, сөзсіз жатқан. Гауһар Қаспақованың тапқырлығы шығар, маған «сенің әніңе өлең жазулы тұр» деді. Ақұштап Бақтыгереева апамыздың кітабынан өлеңді осы әнге кіргізіп жіберген. Ән осылайша өмірге келді», - дейді Сейфуллин Жолбарыс.
Ал, Жұбаныш Жексенұлы Сейфуллиннен автограф алған сәтін еске түсіріп, жеке өзіне ән арнап жазуды сұрады.