«Бәлен жерде алтын бар, барсам бақыр да жоқ» деген тіркес қаперлеріңізде болар, көрермен. Сондықтан, жаңағы сюжетті көріп алып шекара асып қызмет пен қаржыға қарқ болам дейтіндеріңіз болса, сәл аялдай тұрыңыздар. Өйткені, шетке кеткеннің бәрі алтын зерлі шапан киіп, шаш етектен пайда тауып жатқан жоқ.
Бұрындары ел құлағы елу болғасын, қандастарымызды өзге елге шақырып алып өзектен тепкен талай тентектің тірлігін естіп-көргенбіз. Кейбірін көрсеткенбіз сіздерге. Бұл жолы тіптен бөлек құбылыс болды. Ғаламтор бетіне мынадай бейнежазбалар бірінен соң бірі шыға бастады. Әр қайсысында әр түрлі тағдыр баяндалған, бұларды біріктіретін жалғыз нәрсе: шетелге барудан сақтаныңдар, алданып қалмаңдар деген ескерту.
- Мен барша студенттерге айтқым келетіні ол бүгінгі таңда шетелге және осы дәл біздің барған Мысырға қазіргі уақытта бармаған дұрыс.
Бұл Мысырға желпініп кетіп мысы басылған қазақ бала. Тәлім аламын деп кеткендер сол елдің темір торынан бір-ақ шыққанын біріңіз білсеңіздер, біріңіз білмессіздер. Бұл бейнежазбаларды түгел тыңдағанда байқалатыны, көбіне жастар діни ілім алуға аттанады. Артынан туған-туыстан қол үзіп басы ауған жаққа бетімен кетеді екен. Діни фанатизмге ұрынғандар ата-ананың өтініші тұрмақ, көз жасына да қайырылып қарамайды.
- Менің балам Алтайды танисыз ба? Ол 3 жыл Арабияда. Айтқанымызды тыңдамай менің үстімнен секіріп кетті. Жалғыз түйір балам, баламды қайтарып беріңіз. Танысаңыз айтыңыз, мен аяғына құлап тұрғанда үстімнен секіріп кетті.
Көзіңе еріксіз жас келеді, үстінен аттап кеткен ұлын ана жүрегі бәрібір елегізіп іздеп жамандыққа қимайды. Түрлі желеумен шетел асқан қандастарды қайтару мүмкін бе, өзге елге өзеуремей тұрып нені жадыға жаттап алған жөн? Тақырыпты Айбар Төлжанұлы тарқатады...