Қазір әлемде криптовалюта деген түсінік бар. Ақшаның жаңа түрі, оны қолмен ұстау, көзбен көру, иісін сезу, дәмін тату мүмкін емес. Ғаламторға шын ақшаңды салып, криптовалютаны сатып аласың. Сосын желіге желімдей жабысып қымбаттауын күтесің. Криптовалютаның жүздеген түрі бар, сұранысқа иелері мыналар: Bitcoin, Litecoin, Peercoin, Namecoin. Қазір құны ең қымбаты биткоин. Мұны 2008 жылы Сатоми Накамото деген программист ойлап тапқан. 2009 жылы әлемдік желіде саудаға шығарған. Алғашында атүсті қарағандар осы ғайып ақшаға қазір таласып жатыр, өйткені 7 жылда биткоинның бағасы 400 000 есе өскен. Яғни, сіз 2010 жылы 50 000 теңгеңізді биткоинға айырбастап салғанда, қазір шотыңызда 440 миллион теңге жататын еді.
Криптовалютаның құны неге еселеп өсті деген сұраққа жауап мынада, бұрын ғайып ақшаға атүсті қарағандар қазір оны шын валютаға айырбастап жатыр. Канадада банкоматтар бар, келіп алақаныңызды қоясыз, Robocin аппараты сізді желіден тапса шотыңызды ашады, сосын криптовалютаңызды канада долларына айырбастап шешіп ала аласыз. Бұдан бөлек, ғаламторда отырып-ақ, киім, кітап, тұрмыстық техникаларды ғайып валютаға сатып алуға мүмкіндік бар. Тіпті қазір атақты «Ламбаргини» компаниясының көліктерін биткоинға сатып алуға болады. Сонымен қатар, Skycraft Airplanes тарихта бірінші болып ұшақтарын биткоинға сататынын жариялады.
2009 жылы криптовалюта нарығына кірген ұлыбританиялық Джеймс Хоуэллс 7500 биткоин сатып алған. Қырсық шалып, сол сәтте ноутбугына лимонад төгіп алған. Жиғанынан айырылып қалмас үшін, ноутбукты шашып ішіндегі қатты дискіні кептіріп алып қойған. 2013 жылдың жазында ескі заттарды жиыстырып жүрген Джеймс криптовалютадан үмітін үзіп әлгі ноубукты дискімен қосып тастай салыпты. Ал, күзде биткоинның бағамы 1000 долларға өскенде Джеймс Хоуэллс қоқыс жәшіктерін түгел аралап кеткен көрінеді. Бірақ нәтижесіз. Егер ол ноутбугын тастамағанда есепшотында 6 миллион доллар жатар еді. Тақырыпты ауадан ақша жасауды үйренген Нұрбек Бекбау жалғастырады...