«Сазгер». Алтынбек Қоразбаев «Үшқоңыр» әнінің шығу тарихымен бөлісті (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сазгер». Алтынбек Қоразбаев «Үшқоңыр» әнінің шығу тарихымен бөлісті (ВИДЕО)

06.10.2017

Ұлттық арна эфиріне әр жұма сайын шығатын «Сазгер» хабарының бүгінгі шығарылымы дарынды композитор, шебер орындаушы, ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылығына арналды. 

Хабар барысында Мемлекеттік сыйлық лауреаты Алтынбек Қоразбаев «Үшқоңыр» әнінің шығу тарихымен бөлісті.  

«2000 жылы Елбасымен бірге Үшқоңыр жайлауында демалған болатынмын. Сол жерде Мемлекет басшысының сұрауымен 1-2 ән айтып бердім. Бірақ, ұят болғанда өз әнімнің 1-2 шумақ сөзін ұмытып қалдым. Елбасы домбырамды сұрап алып, «мына шумақты неге айтпайсың» деп шертіп жіберді... Әнімді жатқа біледі екен. Сосын «Алтынбек, мына жайлау саған ұнады ма?» деп сұрады.

«Аға, керемет ұнады. Өзім тауда туған баламын, тау баласы тауға қарап өседі дейді делебем қозып тұр, аға. Шабытым келіп тұр» дедім. Онда екеуміз қосылып, «Үшқоңыр» деген ән жазайықшы деді. Осындай тапсырыс берді. Енді мұндай тапсырыс алғаннан кейін күндіз-түні ұйқы жоқ. Қиналып жүрдім. Әйтеуір күндердің күнінде әннің бір ырғақтары келгендей болды. Әннің бас жағындағы сөздерін қиыстырып жаза бастадым. Содан бір күні елімізге Испания королі келді. Сол кісіге қазақтың өнерін көрсетуге барған кезде Елбасымыз «Алтеке, өткендегі ән не болды?» деп сұрады.

Алдын ала дайындалып барған мен қағазға «Үшқоңырдың» алғашқы шумақтарын жазып, әнді айтып бердік. Елбасы таңқалып тағы да айтуымызды сұрады. Сөйтіп әнді 2-3 рет айттық. «Мынауың дұрыс екен» деп қағазды алды да көмекшілеріне берді. Содан 3-4 айдан кейін көмекшілері арқылы әннің толық мәтінін жіберді. «Үшқоңыр» осылайша халық әніне айналып кетті»,-дейді. 

 

Хабарламаларға жазылу